Тәуелсіздік күні қарсаңында «Хабар» Агенттігінің қызметкерлері де марапатталды
Алып Агенттіктің құрылуына атсалысқан Амангелді Сейітханның да есімі аталды. Себебі еңбек жолын телевизиядан бастаған ол әрбір азаматтың кәсіби маман болып қалыптасуына зор ықпал етті. Талай тілшінің белін буып, қанатын қатайтты. Содан болар, жүрегі кең, пейілі таза, адамгершілігі мол Аман ағамызды көпшілік тұтас журналистика саласының саңлағы деп есептейді. Оны әріптестері ұмытпақ емес. Биыл өмірден өткен нар тұлғаны бүгін әріптестері бір минут үнсіздікпен еске алды.
Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:
- Олимпиада ойындары, әлем чемпионаттары секілді тарихи жарыстарда қазақтың үнін шығарып, қазақ спортшыларының жеңісін, жүлдесін аудиторияға таратқан Аман ағамыз болатын. Сондықтан да Амангелді ағамыздың еткен еңбегі, артындағы мұрасы ешқашан ұмытылмайды дейміз.
Алматыдан да ақжолтай хабар. «Хабар» Агенттігінің Алматы қалалық филиалының директоры Қымбат Хангелдина мен жаңалықтар бөлімінің тілшісі Григорий Беденко «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Алып шаһарда еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға орден-медальдар табысталды. Мерекелік іс-шара қаладағы Республика сарайында өтті.