«Хабар» Агенттігінің» мамандары студенттермен тәжірибе бөлісті
«Хабар» Агенттігі» АҚ мен Л. Гумилев Еуразия ұлттық университеті арасындағы екіжақты меморандум негізінде Агенттіктің тәжірибелі мамандары журналистика факультетінің студенттеріне шеберлік сабақтарын өткізді.
Хабар агенттігінің күндері аясында өткен шеберлік сабақтарында қазіргі журналистиканың өзекті мәселелері талқыланды. Деректі фильмнің негізгі бағыттары мен теориясы туралы сабақты «Хабар» арнасының эфир режиссері Ақбөбек Төлжанова өткізді. Тележобалар өндірісінің маңызды мәселелері жайлы «Хабар» телеарнасының бағдарламалар бөлімінің директоры Дана Мырзатай айтты. Ал «Хабар» телеарнасының техникалық бақылау маманы Дамира Абдрахманова «Дем мен дауыс және тіл тазалығы» тақырыбын қозғады.
«Хабар» агенттігінің тәжірибелі мамандары болашағын журналистикаға арнайтын жастарға қолдау көрсетіп, теория мен тәжірибені тиімді ұштастыру жолдарын үйретті. Кездесу барысында студенттер сұрақ қойып, тың ойлары мен ұсыныстарын жеткізді.
Бұдан бөлек, коммуникацияның тұрақты даму алаңына айналған Astana Media Week аясында Агенттіктің танымал журналистері Зейін Әліпбек, Ботагөз Саркулова, Нұрболат Үсенов пен Әділ Сейфуллин студенттермен кездесіп, толымды тәжірибелерін ортаға салды.
Жалпы, «Хабар» агенттігі мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаған. Жыл сайын «Хабар» агенттігінің белгілі журналистері оқу ордасында әртүрлі форматтағы шеберлік сағаттарын өткізіп, студенттердің практикалық тұрғыда шыңдалуына үлесін қосып келеді.