Хабар телеарнасы

Тұмар-2023: «Хабар» Агенттігі 3 номинация бойынша үздік деп танылды

Тұмар-2023: «Хабар» Агенттігі 3 номинация бойынша үздік деп танылды

«Тұмар-2023» Ұлттық телевизиялық байқауының жеңімпаздары анықталды. «Хабар» Агенттігінің 5 жобасы мен 3 журналисі 8 номинация бойынша «Тұмар-2023» ұлттық телевизиялық сыйлығының биылғы үміткерлері қатарына енген болатын.

«Үздік деректі фильм» аталымында «Хабар» агенттігінің 2022 жылғы телемаусымда көрерменге ұсынған түрлі жанрдағы жүзге тарта жобаларының бірі де бірегейі - «Абайдың соңғы күндері» деректі фильмі топ жарды. Бұл туындыда бүкіл қазақтың қайғысын арқалаған Ұлы ақынның соңғы 40 күндегі ішкі дүниесінің арпалысы, терең күйзеліске негіз болған оқиғалар көрініс тапқан. Кейіпкерлердің айтуымен кейбір тың деректер ашылып, көрерменге ой салады.

«Үздік журналистік зерттеу» аталымында «Хабар 24» телеарнасының «Арнайы репортаж» жобасы үздік деп танылды.  «Арнайы репортаж» Хабар 24» телеарнасының соңғы бірнеше жыл қатарынан көрермендерге үздіксіз жол тартып келе жатқан маңызды жобаларының бірі. Бағдарлама қоғамдағы өзекті проблемаларды нақты әрі терең талдауымен ерекшеленеді. Әр шығарылым көрерменнің мәселенің мән-жайын терең түйсініп, оң көзқарасы қалыптасуына ықпал етеді. Маңызды оқиғалар тізбегі тиісті мамандар мен сала сарапшыларының пікірімен қуатталып беріледі. 

«Үздік тележүргізуші» аталымын «Хабар 24» телеарнасының «Күн тәртібінде» бағдарламасының жүргізушісі  Еркін Байғабылұлы жеңіп алды.

Байқау жеңімпаздары «Тұмар» қазақстандық телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін» мүсіншесі» мен 1 миллион теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. Айта кету керек, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен өткізілетін «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауына биыл 7 жыл толып отыр. Жетінші рет ұйымдастырылған Ұлттық бәйгеге 12 номинация бойынша байқау жарияланып, 300-ге жуық өтінім келіп түскен. 2023-жылғы байқаудың ерекшелігі – алғаш рет «Үздік спорт комментаторы» және «Үздік журналистік зерттеу» номинациялары бойынша журналистер бақ сынай алды.