Коронавирус эпидемиясы: Биыл әуе тасымалдаушылары 100 млрд доллар жоғалтуы мүмкін
Ал Италияда бір тәулікте 40-тан астам адам көз жұмды. Дертке шалдыққандар саны АҚШ-та да күрт өсіп, екі штатта төтенше жағдай жарияланды. Әлемді шарпыған коронавирус эпидемиясы Қытай экономикасына ғана емес, жаһандық экономикаға әсерін тигізіп жатыр. Әсіресе туризм саласының дамуын тежеп, көптеген әуе компаниясы шығынға батуда. Әуе көлігі халықаралық қауымдастығының дерегінше, биыл әуе тасымалдаушылары 100 млрд доллар жоғалтуы мүмкін.
Эпидемия салдарынан әуе компаниялар бұрын-соңды болмаған қиындыққа тап болды. Германияның Lufthansa әуе компаниясы осы айда 7 мыңнан аса рейсін тоқтатты. Қазірден Air France 200 млн еуро кірістен айырылған.
Жолаушылар санының азаюынан британдық Flybe банкротқа ұшырады. Енді 2 мың қызметкер жұмыссыз қалуы мүмкін. Әуе көлігі халықаралық қауымдастығының есебінше, сұраныс төмендеп, компанияларға 113 млрд доллар шығын келуі мүмкін.
Брайан Пирс, Әуе көлігі халықаралық қауымдастығының бас экономисі:
- Шығын 100 млрд доллардан асады деп болжап отырмыз. Бұл – әуе компаниялар табысының 19%. Соңғы рет мұндай көрсеткішті 2009 жылы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде көргенбіз. Жағдай тек жаздың аяғында, яғни үшінші тоқсанда ғана қалпына келеді.
Коронавирустан Францияның туризм саласы теңселді. Экономика министрінің мәлімдеуінше, шетелден келушілердің саны 40% кеміген. Бүгіннің өзінде туризм саласы 5-6 млрд еуро шығынға батқаны белгілі. Жүзден аса компания үкіметтен көмек сұрап отыр.
Ромиоль Делануа, мейрамхана директоры:
- Соңғы екі аптада бізге келушілер саны азайды. Топтық тапсырыс бойынша үлкен шығынға ұшырадық. Тек наурыз айына ғана емес, маусым айына дейін болып тұр.
Абдель, кәдесыйлар дүкенінің сатушысы:
- Қытай туристері көп келетін. Қазір оларды көрмейсің. Саудамыз 30-40% төмендеді.
Халықаралық валюта қоры биыл жаһандық экономикалық өсім өткен жылмен салыстырғанда төмен болатынын болжады. Осы ретте қор нарықтық экономикасы қалыптасып келетін елдерге 50 млрд еуро көмек көрсетпек. Ал Дүниежүзілік банк 12 млрд доллар бөлуді ұйғарды.
Қазір коронавирус Оңтүстік Корея, Иран, Италия мен Солтүстік Америкада өршіп тұр. Калифорнияда «Grand Princess» круиздік лайнерінің жолаушыларының біріне коронавирус диагнозы қойылып, кеме карантинге алынды. Дәрігерлер 20-ға жуық адамда инфекция анықталуы мүмкін деп болжап отыр. Нью-Йорк штатының өзінде дертке шалдыққандардың саны 22-ден асты. Жалпы АҚШ-та 200-ден астам адамнан инфекция белгілері анықталған. Калифорния мен Мэриленд штаттарында төтенше жағдай жарияланды.
Палестинада жұқпалы індет 7 адамнан табылып, 30 күндік төтенше жағдай жарияланды. Науқастың барлығы грекиялық туристер тұрған қонақ үйде жұмыс істеген.
Ал Жапония Оңтүстік Корея мен Қытайдан келген жолаушыларды карантинге жатқызады. Ал ертеңнен бастап Иран мен Оңтүстік Кореяның бірқатар өңіріне баруға тыйым салынбақ.
Авторы: Меруерт Жақан