Әлем елдері Ливанға қолдау білдірді
Ақ үй басшысы Бейруттегі жарылысты ресми ақпарат көздері «лаңкестік әрекет емес» деп хабарлағанына қарамастан, «сұмдық шабуыл» деп мәлімдеді.
Дональд Трамп, АҚШ Президенті:
– Бұл әдейі ұйымдастырылған шабуылға ұқсайды. Жарылысқа қарап осылай бағалауға болады. Біздің бірқатар генералдарымыз да осындай пікірде. Себебі бұл өндірістік жарылысқа ұқсамайды. Көптеген адам қайтыс болды, жүздеген кісі жараланды. Марқұмдардың отбасыларына қайғырып көңіл айтып, Ливанға жан-жақты көмектесуге дайынбыз.
Германия канцлері Ангела Меркель де Ливанға көмек беруге әзір екенін жеткізді. Бұл туралы неміс үкіметінің өкілі өзінің Twitter-дегі парақшасында жариялады. Мәлімдемеде Германия билігі де Ливан халқының қайғысына ортақ екенін жеткізген.
Австралия премьер-министрі Скотт Моррисон де Ливан халқына қолдауын білдірді. Айтуынша, Бейруттегі жарылыс кезінде бір австралиялық азамат көз жұмып, осы елдің елшілігі зақымданған.
Скотт Моррисон, Австралия премьер-министрі:
– Біздің елшіліктің ешбір қызметкері ауыр жарақат алмаған. Ғимаратқа біршама зақым келді. Біз осы сұмдық оқиғадан жапа шеккен Ливан халқына қолдауымызды білдіреміз.