Тәліптер АҚШ-тан ауған элитасын елден алып кетпеуді талап етті
Мәліметке қарағанда, бұл елдің әскери-көлік авиациясының ұшақтары 500-ден аса адамды көшірмек. Жалпы Кабулға әскери дәрігерлермен 4 ұшақ аттандырылмақ. Қазір олар Ульяновск әуежайында сапарға дайындалып жатыр.
АҚШ Ауғанстаннан адамдарды эвакуациялап жатқан әскерін шығара бастады. Бұл туралы жергілікті телеарнаның бірі хабарлады. Жалпы Құрама Штаттар ауған жеріндегі әскерін 31 тамызға дейін шығаруды жоспарлаған. Кеше Пентагонның ресми өкілі Джон Кирби шара еш өзгеріссіз жүзеге асырылатынын, яғни америкалық жауынгерлер белгіленген мерзімде түгелдей елден кететінін тағы атап өтті. Айта кетейік, Талибан радикалды қозғалысы Кабулды басып алғалы АҚШ ондағы азаматтары мен тәліптерден қашқан жергілікті тұрғындарды эвакуациялау үшін 6,5 мың сарбазын орналастырған болатын. Бұдан бөлек, әуе айлағында Ұлыбритания, Түркия және Әзербайжан әскерилері бар.
Ауғанстанда банктер 25 тамыздан бастап қайта ашылады. Бұл туралы «Талибан» қозғалысының өкілі Забихулла Муджахид мәлімдеді. Оның айтуынша, елдегі Орталық банк пен өзге де банктердің жұмыс істей бастауы үшін барлық алғышарт жасалған. Осыған орай Тәліптер қаржы институттарының бұрынғы қызметкерлерін жұмыс орындарына оралуға шақырды. Ал ақпарат құралдарының хабарлауынша, тәліптер билікке келгелі экономикалық ахуал нашарлаған. Ұлттық валюта құнсызданып, азық-түлік бағасы шарықтап кеткен.
Ал тәліптер АҚШ билігінен ауған элитасын елден алып кетуді тоқтатуды талап етті. «Талибан» бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерге рақымшылық жасалғанын және олардың қауіпсіздігіне кепілдік беретінін айтады. Сондай-ақ тәліптер тұрғындардан шетелге доллар мен тарихи жәдігерлерді алып кетуге тыйым салды. Егер аталған заттар табылса, айыптылар қатаң жазаланатынын ескертіп отыр. «Инженер, дәрігер сияқты осы жерде оқып білім алған мамандар елде қалуы тиіс. Бұл азаматтар өзімізге қажет. Оларды өзге елдерге жіберуге болмайды», - деді «Талибан» қозғалысының ресми өкілі Забихулла Муджахид.