Грузияда «жасыл төлқұжат» енгізілді
Ережені елемеген кәсіпкерлер 3 мың доллар айыппұл төлейді. Соңғы күндері бұл елде эпидахуал қайта ушыққан. Қазір коронавирус күн сайын 5 мыңнан астам адамнан анықталып жатыр.
Грузияда енді қоғамдық орындардың бәріне тек «жасыл төлқұжатпен» кіруге болады. Шара 1 желтоқсаннан бастап күшіне енді. Кинотеатр, театр, мұражай, мейрамхана және қысқы шаңғы орындары жаңа тәртіп бойынша ғана жұмыс істей алады. Бірақ мәдени орындар мен мейрамханаларға кірушілердің саны арттырылмақ.
Шота Бурджанадзе, Грузия рестораторлары қауымдастығының өкілі:
- Кәсіпкерлердің дені бұл шараны қолдап отыр. Алайда оны адам құқығын бұзу деп, оған қарсы шыққандар да жоқ емес. Бұл ереже – індеттің таралуын бәсеңдететін тәсілдің бірі. Қазір елде халықтың 34% ғана вакцина салдырған.
Қоғамдық орындарға «жасыл құжатсыз» кіргендерге 600-ден 3 мың долларға дейін айыппұл салынады. Айыппұлды қонақ емес, мекеме төлейді. Егер тәртіп екінші рет бұзылса, қоғамдық орын жабылады. Елде індеттің бесінші толқыны өршіп тұр. Сондықтан жаңа тәртіпті қолдап жатқан тұрғындар көп.
Лали Бараташвили, Тбилиси тұрғыны:
- Қоғамдық орындарға барлығы барады. Сол себепті вакцина салдыруды қолдаймын. Мұндай шаралар қабылданбаса, коронавируспен күрес ешқашан аяқталмайды.
«Жасыл төлқұжатты» екпенің екі дозасын салдырғандар немесе індетті жұқтырып, одан жазылып шыққан азаматтар ғана ала алады.
Марго Лучко, Тбилиси тұрғыны:
- Грузияда қазір болып жатқан жағдаймен келіспейтіндер көп. Алайда біз келешекті ойлап, алға ұмтылуымыз керек.
Грузияда екі бірдей COVID төлқұжаты болады. Бірі – «ішкі», екіншісі – «сыртқы» деп аталады. Сыртқы «жасыл төлқұжат» шетелге шығуға беріледі. Оның мерзімі – жарты жыл. Ал ішкі «жасыл құжаты» жоқ азаматтар тек қоғамдық көлік пен дүкендерге кіре алады.
Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили