Ұлыбританияда Қазақстанға да санкция енгізу мәселесі көтерілді
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Клептократиялық элитаға қарсы санкциялар енгізілуі қажет. Парламент мүшесі Маргарет Ходж қатаң шаралар тек Ресейге ғана емес басқа да мемлекеттерге қарсы қолданылуы керектігін айтты. Лейборшылар партиясының өкілі депутаттық сауалын Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Лиз Трассқа жолдап, шетелдік «лас ақша» иелерінің қаржысы мен мүлкіне қатысты сұрақ қойды.
Маргарет Ходж, Ұлыбритания парламентінің мүшесі:
- Ресей ғана емес, Путиннің бастамаларын қолдауы мүмкін Қазақстан және Әзірбайжан сияқты юрисдикциялар бар. Оларға қарсы әрекет етіліп, қандай да бір санкциялар енгізілгелі жатыр ма?
Лиз Трасс, Ұлыбритания Сыртқы істер министрі:
- Мен Қазақстанның және басқа да мемлекеттердің мәселелерін зерттеп жатырмын. Біз Беларуське санкция енгіздік және олардың көлемін арттырып жатырмыз.
Айта кету керек, бұл – Қазақстанға қарсы санкция енгізіледі деген сөз емес, парламент қабырғасындағы пікірталастар ғана. Дәстүр бойынша Британ үкіметінің министрлері Қауымдар палатасы мүшелерінің шақыруымен дүйсенбіден бейсенбіге дейін Вестминстер сарайына келіп, бір сағат көлемінде сұрақтарға жауап береді. Маргарет Ходж бір айға жуық уақыт бұрын Қаңтар оқиғасынан кейін «Қазақстан: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы санкция» тақырыбында баяндама жасағаны белгілі. Ол кезде де парламент мүшесі мемлекеттік министрді клептократиялық элитамен күрес бойынша сұрақ астына алған болатын. Ұлыбритания үкіметі бүгінде ірі ресейлік банктердің активтерін, барлығы 154 млрд стерлинг фунт көлеміндегі қаражатты бұғаттап тастады. 100 бизнесменге санкция салынады деп жоспарланып отыр. Олардың қатарында енді Ресей Думасының мүшелері де болуы мүмкін. Министрлер Ұлыбританияға сырттан келген лас ақшаны бұғаттау үшін Қауымдар палатасының талқылауына жақын күндері жаңа заңнама енгізбекші.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы