Оңтүстік Кореяда президент сайлауы өтті
Негізгі тартыс екі саясаткер арасында өрбіді.
Владислав Цой, тілші:
- Елдегі сайлау учаскелері таңғы сағат 6:00-де ашылды. Бірақ дауыс беруге келгендердің қарасы аз. Өйткені 16 миллионан астам адам немесе сайлаушылардың 37%-ке жуығы 4 және 5 наурызда мерзімінен бұрын өз таңдауын жасап үлгерген. Саяси шара елде эпидемиологиялық ахуал ушығып тұрған кезде өтті. Өткен тәулікте ғана 340 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталып, кезекті антирекорд тіркелді. Десе де науқастар да өз таңдауын жасай алды, оларға арнайы сайлау учаскелері құрылған. Ел президенттігінен үміткерлерге келер болсақ, негізгі кандидаттар саны – төртеу. Алға әзірге екі үміткер суырылып шықты. Олар – бұрынғы бас прокурор Юн Сок Ёль мен Кёнги провинциясының бұрынғы губернаторы Ли Чжэ Мён. Сауалнамалар қорытындысы бойынша олардың рейтингі шамамен 40%. Бірақ үшінші орын алған бизнесмен Ан Чоль Су Юн Сок Ёлдың пайдасына өз кандидатурасын алып тастағаннан кейін бұрынғы прокурор жеңіске жетуі мүмкін деген болжам басым. Дегенмен сарапшылар: «Үміткерлердің қай-қайсысы да жеңіске жеткенімен, Оңтүстік Корея билігінің саясаты айтарлықтай өзгере қоймайды», – дейді.
Андрей Ланьков, кореятанушы:
- Сеул қандай қадамға бармасын, ең алдымен Вашингтон осы мәселеге қатысты не дейді деп алаңдайды. Ал Юн Сок Елге келсек, ол жақта бұған аса мән бермейді. Оның үстіне қазір Ресей-Украина арасы шиеленісіп тұр. Сәйкесінше бұл арада Қазақстанның да ұстанымына көңіл бөлінеді.
Владислав Цой, тілші:
- Әлемдегі геосаяси жағдай да үміткерлердің рейтингіне әсер етпей қоймады. Атап айтқанда, Ли Дже Меннің «Владимир Зеленский – әлсіз президент» деген сөздерінен кейін сайлаушылардың бір бөлігі одан бас тартты. Бұдан бөлек, Украинадағы ахуалға қатысты санкциялар, Солтүстік Кореямен қарым-қатынас және өзге де түйткілді мәселелер сайлаушыларды қатты аландатады.
Пэ Бен Иль, Сеул қаласының тұрғыны:
- Мен жаңа президенттің дұрыс саясат жүргізетін адал адамның болғанын қалаймын. Ең алдымен дипломатиялық, содан кейін экономикалық мәселелерді шешу керек деп ойлаймын. Мысалы, Жапониямен аумақтық дау, Украинаға қатысты санкциялар және Солтүстік Кореяның ядролық мәселесі.
Ким До Вон, Сеул қаласының тұрғыны:
- Ішкі проблемаларды айтсақ, экономикалық мәселелер, жұмыссыздық. Ал халықаралық деңгейде КХДР мен Украина проблемасы жастарды алаңдатады.
Владислав Цой, тілші:
- Корея конституциясы бойынша президент 1 мерзімге сайланады және елді 5 жыл басқара алады. Бірақ сайлауда жеңіске жеткен жағдайда жаңа мемлекет басшысы өз міндетіне бірден кірісе алмайды. Өйткені сайлау қазіргі президенттің өкілеттігінің аяқталуына 70 күн қалғанда өтеді.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян