Түркияда украиналық босқындар көбейді
Олардың 4 милллионға жуығы өзге елдерге бас сауғалаған. Көбі көршілес Польша, Румыния, Словакия, Венгрия және Молдовадан пана тапқан. Түркияға кеткендер де аз емес.
Таяу шығыстағы босқындарды қабылдау бойынша көш бастаған Түрік еліне бір айда 60 мыңға жуық украиналық табан тіреді. Бұл, әрине, көршілес елдермен салыстырғанда азырақ. Өйткені Еуропадағы секілді Түркияда Украина халқын қолдауға бағытталған арнайы бағдарлама жоқ. Дегенмен Анадолы жері Украиндағы жағдай салдарынан бассауғалап келгендер үшін ашық.
Сулейман Сойлу, Түркияның Ішкі істер министрі:
- Украинада соғыс басталғалы Түркияға 58 мың Украина азаматы келді. Оның 30 мыңға жуығы құрлық жолымен, яғни Эдирне мен Кыркларели қақпасынан кірді. Олардың мыңнан астамы – месхет түріктері мен Қырым татарлары.
Александра және Дарья Морозовалар екі апта бұрын Одессадан құрлық жолымен Болгария, Молдова мен Румыния арқылы бірнеше күнде Анкарадағы туысына жеткен.
Александра Морозова, Украина азаматы:
- Түркияға бауырым болған соң келдім. Ол осында тұрады. Қолдау көрсетіп, бізге уақытша пана береді деген үмітпен келдім. Өйткені еліміздегі жағдайдың қанша уақытқа созылатыны белгісіз.
Дарья Морозова, Украина азаматы:
- Үкіметтік қолдау алған жоқпын. Іздемедім де. Телеграмм каналдардан ақпарат алып тұрамын. Онда Еуропа елдеріндегі бағдарламалар жайлы жиі айтылады. Әзірге анамның қасындамын. Елде жағдай тұрақталып, оралсам деймін.
Бір әулеттің қос қызы бірнеше жыл бұрын ғана Лугансктен Одессаға қоныс аударыпты. Қалған туыстары Ресейге көшкен. Морозовалардың Анкараға келгенін естіген достарының ата-анасы да қыздарын қосып жіберіпті.
Валерия Величко, Украина азаматы:
-Мен елден кеткім келген жоқ. Біраз уақыт күтейін дедім. Мүмкін жағдай реттеліп қалар деп үміттендім. Туыстарым болса, менің тезірек қауіпсіз жерге кетуімді қалады.
Украинадағы жағдайдан кейін шекарадағы Эдирне мен Анталия, Бодрум секілді жерлерде тұрғын үйді жалға алу бағасы 2-3 есе артқан.
Авторы: Меруерт Қанағат