Донбасс үшін шайқас басталды
Тізімде Қазақстан елшілігі де бар. Оның қызметкерлері жұмыс барысымен осы күндері Киев пен Львов қалаларында жүр. Бұл мәліметті еліміздің Сыртқы істер министрлігі растады. Қарулы қақтығыс басталғалы Украинада елшіліктердің біразы жабылып, кейбірі Киевтен Львовке көшіріліген еді.
Ақпанның 24-інен бері Украинада 2 мыңнан астам бейбіт тұрғын жан тәсілім етті. БҰҰ дерегі осындай. Дегенмен сарапшылар марқұмдар саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтады. Ал Украина билігі соғыстың келесі кезеңі басталғанын мәлімдеп отыр.
Ресей Украина шығысында шабуылды күшейтіп, Донбасс үшін шайқас басталды. Владимир Зеленский осылай деп мәлімдеді.
Владимир Зеленский, Украина Президенті:
- Ресей бірталай уақыт дайындалған соң, Донбассқа шабуылын бастады деп айта аламыз. Ресей күштерінің басым бөлігі сонда шоғырланған. Қанша әскер жиналса да, біз қорғанамыз, күресеміз.
Луганск билігі Ресей әскері Кременная қаласын бақылауға алғанын мәлімдеп отыр. Ресей армиясы Украинаның шығысында шабуылға шыққанын Украина ұлттық қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов та хабарлап, аймақтағы тұрғындарды эвакуациялануға үндеді. Оның сөзінше, Ресей әскері Донецк пен Луганск облыстарын Пасха мейрамына дейін басып алуды жоспарлап отыр. Биыл Пасха сәуірдің 24-інде атап өтіледі. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров India Today арнасына сұхбат беріп: «Арнайы операцияның келесі кезеңі басталды», - деді.
Сергей Лавров, Ресей сыртқы істер министрі:
- Әу баста айтылғандай, Украинаның шығысындағы операцияның мақсаты – Донецк пен Луганск республикаларын толық азат ету. Бұл операция жалғасады. Жаңа кезең басталды. Бұл арнайы операция үшін маңызды уақыт болады деп сенемін.
Ресей әскери инфрақұрылымдар ғана нысанаға алынғанын үнемі айтып келеді. Лавров мұны қайталап айтты. Сондай-ақ ол: «Ыстамбұлдағы келіссөзден кейін Ресей Киев пен Чернигов облыстарында күштердің орналасуын өзгертті, бірақ бұл қадам бағаланбады», - деді.
Мәскеу аймақтағы операцияларды қысқартатынын өткен айда мәлімдеді. Пентагон мұны бір жерден екінші жерге көшу деп бағалап, енді бар күш Донбассқа қарай жіберілетінін хабарлаған.
АҚШ-тың қорғаныс министрлігі Харьков маңына мыңдаған сарбаз тартылғанын айтады. Ал Ұлыбритания қорғаныс министрі жариялаған картада шабуылдардың бағыты мен Ресейдің бақылауына өткен аумақтар бейнеленген. Бұған дейін НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг те Мәскеу аймақтағы шабуылдарды үдете түсуі мүмкін деген.
Ал Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба НАТО саммитінде Донбасс үшін шайқас сипаты жағынан Екінші Дүниежүзілік соғысқа ұқсайтынын мәлімдеген болатын.