Испанияда дизель және бензин бағасы бір аптада 2% өскен
Қазіргі күні Испаниядағы жанармай бекеттерінде 1 литр отынның құны 2 евро. Елдің әр өңірінде қарсылық акциялар ұйымдастырылып, көлік жүргізушілері биліктен субсидия енгізуді талап етуде.
Франция және Италиядағы жанармай бекеттерінде АИ 95 маркалы бензиннің бір литрі үш евроға дейін жетті. Енді Испанияда дизель мен бензиннің құны 2% өсіп, 2 евро, яғни шамамен 910 теңгені құрады. Қаржы сарапшылары мұны Украинадағы соғыспен байланыстырады. Бензин бағасы Еуропа елдерінде ғана емес, Индонезия сияқты Оңтүстік Шығыс Азия аймағындағы мемлекеттерде де көтерілді.
Игорь Горовенко, сарапшы:
- Жұмыс бабымен көп саяхаттаймын. Соңғы бір айда бензин бағасы барлық Еуропа елінде қымбаттады. Бір евро 20 цент тұратын бензин Испанияда 2 евроға дейін көтерілді. Жанармай бағасы тіпті Балиде де қымбат.
Барселона қаласының тұрғыны Клаудия бензин мен азық-түлік бағасының көтерілгенін айтып, шағымданды. Соңғы бір айда нан өнімдері 25%, жұмыртқа 21%, май өнімдері 13% қымбаттағанын жергілікті басылымдар жарыса жазып жатыр.
Клаудия, Барселона тұрғыны:
- Жанармай мен тауарлар бағасының жылдам өскені Барселонада анық сезілді. Үкімет бензин өнімдеріне 20% жеңілдік жасаған, алайда мұндай көмек ұзаққа созылған жоқ. Қазір бензин бағасы шарықтап тұр.
Бензин қымбатшылығына қарсы наразылық акциялары Испанияның әр өңірінде өтіп жатыр. Үкімет: «Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда, бізде баға аса қымбат емес», - деп ақталды. Қазір Испания сұйытылған газды Аргентинадан тасымалдауды көздеп отыр. Егер уағдаластыққа қол жеткізсе, отын нарығындағы дағдарысты еңсеруге мүмкіндік туады.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач