Лондондағы референдум учаскесінде дауыс беру енді қызып жатыр
Ғалымжан Қараманұлы:
- Мен қазір елшілік жанындағы № 244 референдум учаскесінің ішіндемін. Лондонда әдеттегідей күн бұлтты, жаңбыр сіркіреп жауып тұр. Соған қарамастан таңғы 7-де ашылған учаскеге дауыс берушілер келіп жатыр. Айта кету керек, Лондонда Ұлыбритания Патшайымы Елизавета Екіншінің таққа отыруына байланысты іс-шаралар өтуде. Орталық көшелер жабық. Қоғамдық көлік тоқтап, кептелістер пайда болды. «Бірақ отандастарымыз дауыс беруге келіп үлгермейді деген қауіп сейілді», - дейді учаскедегілер. Қазір Елшіліктің алдында өз кезегін күтіп тұрған қазақстандықтар көп. Олар тек Лондонда тұратын отандастарымыз емес, Біріккен Корольдік құрамына кіретін Шотландия, Уэльс, Солтүстік Ирландиядан және Англияның басқа да қалаларынан келгендер. Олардың барлығы өздерінің азаматтық борышын өтеуге асығуда.
Жанболат Үсенов, референдум учаскесінің комиссия төрағасы:
- Біз қазақстандықтар осы елшілікке келе алмай қалады деп қорқып едік. Алайда таңертең сағат 7-де учаскемізді ашқан кезде елшілік алдында кішігірім кезек жиналып қалыпты. Сондықтан Ұлыбританияда тұратын қазақстандықтар референдумға белсенді түрде қатысады деп сенемін.
Әсел Ерғалиқызы, UCL университетінің студенті:
- Өз елімізде дауыс берген мен шетелде дауыс бергеннің айырмашылығы жер мен көктей. Себебі шетелде жүріп, сен өзіңнің патриот екеніңді және жауапты адам екеніңді сезінесің. Сол себепті борышымызды атқаруға сағат 7-ден келіп тұрмыз.
Айта кету керек, референдум туралы ақпарат жарияланған сәттен бастап 400-ден астам адам елшілікке алдын ала тіркелген. Олардың барлығы – Ұлыбританияда тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматтары. Басым көпшілігі студенттер десе болады. Елшілік дауыс беру процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полициямен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр.