Испанияда 40 жылда болмаған инфляция орын алды
Осы елдің Статистика басқармасының дерегі осындай. Мұндай қымбатшылық соңғы 37 жылда болмапты. Бағаның өсуіне елдегі отын мен қуат көздерінің және азық-түліктің қымбаттағаны әсер еткен.
Әдетте елдегі инфлияцияға отын бағасысың өсуі әсер етеді. Қазір Испанияда бір литр жанар-жағармай 2,5 еуро немесе 1200 теңге тұрады. Баға күн сайын құбылады. Қаржы сарапшылары мұны Украинадағы қарулы қақтығыспен байланыстырып отыр. Жанар-жағармай мен қуат бағасының өсімі елдегі азық-түліктің 15-20% дейін қымбаттауына әкелді. Жаппай қымбатшылық белең алғаннан кейін испандықтардың 20% биылғы демалыс сапарынан бас тартқан. Мұндай мәліметті әлеуметтік сауалнама жүргізген Appinio нарықтық зерттеу платформасы жариялады.
Андреу, Туристік агенттіктің басшысы:
- Әлеуметтік сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 60% астамы мейрамхана және шоппинг сияқты басқа да шығындарды қысқартуға тура келгенін айтқан. Сондай-ақ тұрғындардың 80% демалыстарын әдеттегідей шет елде емес, Испанияда өткіземіз деген жоспарларын жеткізген. Сауалнама қатысқан испандықтардың 7% ғана биыл сыртқа сапарлайтынын айтқан.
Осылайша, Испаниядағы инфляцияның көлемі маусым айында 10,2% дейін көтерілді. Бұл туралы мемлекеттің статистикалық басқармасы мәлімдеді.
Мамандар Испаниядағы мұндай инфляция 37 жыл ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіш екенін айтады. 2022 жылдың ақпанында ғана Испаниядағы инфляция 7,6% болған, наурызда бұл көрсеткіш 9,8% құрады. Өсім әр ай сайын тіркеліп отырған.
Гиермо, кәсіпкер:
- Ақпанға дейін Украинадан тасымалданып келген арзан сұйық май енді жоқ, сондықтан бағаны 20-25% өсіруге тура келді. Нан, сүт өнімдерінің де бағасы артты, өйткені логистика қымбаттады. Әрі Испаниядағы қуат көздеріне төленетін тариф артты, біз мұны да азық-түліктің бағасына үстеме ретінде қосуға мәжбүрміз.
Испания Қорғаныс министрі Маргарита Роблес биыл қыстың да қиын болатынын айтады. «Біз бүгінде Берлин қабырғасы құлағаннан кейінгі дағдарысты бастан өткеріп жатырмыз, сондықтан қиын қыстың күтіп тұрғанын мәлімдеймін, біз бұған дайын болуымыз керек», – деді жергілікті БАҚ құралдарына берген сұхбаты кезінде ведомство басшысы.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Дмитрий Рогач