Өзбекстан мемлекеттік мекеме ғимараттарын күн панельдеріне көшіріп жатыр
Көршіміз тұтас Орталық Азияға тән электр қуатының жетіспеушілігін тағы қандай жолдармен еңсермек?
Мұндай экологиялық таза көлік түрі Өзбекстанда көп. Басым бөлігі Қытайдан импортталады. Еуропадан да жеткізіліп жатыр. Электркарды қуаттайтын 40-қа тарта станция жұмыс істейді.
Шамсуддин Тұрғынов, қала тұрғыны:
- Мұндай электромобиль бір мәрте толық қуат алғаннан соң 300 шақырым жүреді. Қазір әлемде мұнай өнімдері қымбаттап жатыр. Осылай ғана амалдау керек.
Энергия көзінің жетіспеушілігі де өзекті мәселе. Сала өкілдері проблеманы бірлесіп шешуге ниетті. Мәселен, автомобиль өндірушілер сумен жүретін көлік құрастыруды ұсынса, Үкімет мемлекеттік нысандарды, соның ішінде әкімдік ғимараттарын толық күн панеліне көшіруді көздейді.
Зафоржон Камолов, жобалау компаниясының бас директоры:
- Компаниямыз ғимараттардың шатырына күн панельдерін орнатумен айналысады. Биыл 200 МВт қуат көзін осындай жоба арқылы алуды көздеп отырмыз. Әлеуметтік нысан және жеке үйлердің де төбесіне батареялар орнатылады.
Оңтүстік көршіміздің атом электр станциясын салу жөніндегі жоспары да бар. Бұл іске шетелдік серіктестерін тартпақ. Электр қуатына деген сұраныстың жыл сайын өсуі өзбек үкіметін батыл қадамдар жасауға міндеттейді. Қазақстан секілді мұнда да су көзі тапшы. Бірақ жылу электр орталықтары негізінен көгілдір отынмен қамтылған.
Шерзод Назаров, энергетикалық компания директорының орынбасары:
- Су жылытатын мұндай қондырғының 60-ын орнаттық. Күннен қуат алатын жабдықтар кең қолданылып жатыр десем болады. Яғни станциялар газбен ғана жұмыс істеп қоймайды. Тегін күн көзін де кәдеге жарату керекпіз.
Жалпы Өзбекстан жерінің біршама бөлігі шөлейтті аймақ. Әсіресе батысындағы Науаи секілді өңірлерде жазда күн 50-60 градусқа дейін ысиды. Міне, мына батареялар шіліңгір ыстық күн көзінен қуат алып, бірыңғай желіге жібереді.
Рауан Мыңбаев, тілші:
- 2030 жылға дейін бұл елдің Үкіметі «жасыл энергетика» үлесін 25% жеткізбек. Ал әзірге көрсеткіш 1% шамасында. Теңізге тамған тамшыдай болса да дәтке қуат.
Авторлары: Рауан Мыңбаев, Санжар Шатөлегенов