Сеулде қаза тапқан қазақстандықтың денесі елге жеткізіледі
Отандасымыз Мадина Шерниязова осы елдегі жоғары оқу орындарының бірінің студенті болған. Соңғы ақпарат бойынша, Корея астанасында Хэллоуин мерекесін тойлау кезінде қайтыс болғандар саны 154-ке жетті. Олардың арасында 26 шетелдік азамат бар. Қазір бұл іс бойынша тергеу басталды. Куәгерлердің айтуынша, тәртіп сақшылары тар көшеден шығу үшін дұрыс бағыт көрсетпеген. Қайғылы оқиғаға байланысты елде Ұлттық аза тұту жарияланды. Ол 5 қарашаға дейін жалғасады.
Алтынгүл Аткиева, №27 орта мектеп-лицейі директорының орынбасары:
-Терең ойлайтын, сабақты жақсы оқитын, ағылшын тілін өте жақсы көретін қыз болды. Бұл деген — оның екінші жоғарғы білімі. Одан кейін магистратурада оқып жатқанын біз білеміз. Хабар біздің де қабырғамызды қайыстырып отыр. Ата-анасына тек қана сабырлық тілейміз.