Америкада қысқы Универсиада басталды
Универсиаданың ашылу рәсімінде Қазақстанның көк байрағын мәнерлеп сырғанаушы Гаухар Наурызова мен шаңғышы Амангелді Мағжан көтеріп шықты. Бұл шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі және Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі арнайы келіп, спортшыларымызға қолдау көрсетті. Жарыс шымылдығын ашқан хоккейшілеріміз жеңіске жетіп, жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады.
Араға үзіліс салып қысқы Универсиада қайтадан жалғасын тапты. Екі жылда бір өтетін дүбірлі жарыс 2021 жылы Швейцарияның Лозанно қаласында өтуі тиіс еді. Алайда «Омикрон» дертінің кесірінен әлем студенттері бас қоса алмаған. 2023 жылғы қысқы Универсиаданы АҚШ-тың Лейк-Плэсид қаласы қабылдады. Сонау 1932 және 1980-ші жылдары дәл осы қалада ақ олимпиаданың алауы жанған еді. Спорттық нысандар және басқа да инфрақұрылымдар дайын болғандықтан америкалықтар бұл байрақты бәсекеге көп шығындала қоймапты. Әлемнің 46 елінен келген 2400 спортшы салтанатты ашылу рәсімінде сап түзеді. Енді олар қаңтардың 22-сіне дейін спорттың 12 түрінен сынға түседі.
Универсиадаға ең көп спортшы әкелген елдердің қатарында Қазақстан бар. Ел намысын 82 үміткер қорғайды. Олар спорттың 10 түрінен бақ сынайды. Америкаға іс-сапармен келген Қазақстан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашылу рәсімінің алдында спортшылармен арнайы жүздесіп сәттілік тіледі.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
-Біздің министрлігіміз жалпы ЖОО негізіндегі спортты жүйелі түрде, кешенді түрде дамытуға бүкіл күшін салып жатыр. Қазіргі таңда бірнеше салалық федерациялармен келісім-шарттар көзделіп отыр. Жалпы АҚШ-тағы мына жүйелі NCA деген үлгісімен Қазақстанда да сол студенттік спортты қолға алып бірнеше дивизион, бірнеше лигаларды жасауға келісіп отырмыз.
Қысқы Универсиаданың шымылдығын хоккейшілер ашып берді. Ғалым Мәмбетәлиев баптайтын Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін Оңтүстік Кореямен өткізіп 5:1 есебімен жеңіске жетті.
Ержан Ашықбаев, ҚР АҚШ-тағы төтенше және өкілетті елшісі:
-Біздің студенттік ұлттық құрама командамыздың, құрамамыздың универсиадаға қатысайын деп отырған алғашқы сайысына келіп отырмыз. Жанкүйер болып, тілеуші болып. Жеңіс құтты болсын дейміз. Біздің спортшыларымыздың қазақтың көк байрағын желбіретін тұрғанына бізде қуаныштымыз.
Таблода Ірі есеп болғанымен алғашқы кезеңде жерлестерімізге қиындау болды. Өйткені Америкаға кешігіп келген команданың негізгі қақпашылары Денис Қаратаев пен Андрей Шутов шаршаңқы еді. Дегенмен біздің жігіттер намысты қолдан берген жоқ. Енді Қазақстан құрамасы келесі турда Венгрия құрамасымен айдынға шығады. Ертең шаңғыдан аралас спринтте жүлделі орындар сарапқа салынады.
Авторлары: Жандос Айтбайұлы