Түркияға 70-тен астам мемлекет пен халықаралық ұйым көмегін ұсынды
Өкінішке қарай Түркияда зілзаладан қаза тапқандардың саны көбейді. Қазіргі ахуал қандай? Құтқару жұмыстары қалай жүріп жатыр?
Жаңа ғана ел президенті Режеп Тайып Ердоған, жер сілкінісі болған Кахраманмараш провинциясына барып, 1 жыл ішінде 10 провинцияда қираған ғимараттардың орнына жаңа тұрғын-үйлердің тұрғызылатынын айтты. Сондай-ақ жер сілкінісінен зардап шеккен отбасыларға 10 мың лирадан қолдау көрсетіледі. Түркия президенті тұрғындардың тек төтенше жағдайлар басқармасының ақпаратына құлақ асуын сұрады. БАҚ өкілдерінен арандатушыларға жол бермеуін өтінді.
Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:
-Анталия, Алания және Мерсиндегі қонақ үйлермен келіссөз жүргіздік. Сондағы қонақ үйлерде қалғысы келетіндер болса, сонда орналастыруға дайынбыз. Отандастарымызға мұндағы құрылған уақытша баспаналар ұнамауы мүмкін. Ал қонақ үйлерде оларға барлық жағдай жасалды.
Қазіргі дерек бойынша қаза тапқандардың саны 8 мыңнан асты. Жарақат алғандар 50 мыңға жуық. Бұған дейін Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі бойынша министр апат аймағы 1 мыңға жуық шақырымды қамтығанын айтқан еді. Бұл аймақта шамамен 13,5 миллион адам тұрады. Осы уақытқа дейін 684 рет әртүрлі балды афтершоктар болған. Бұл дүмпулер зақымдалған ғимараттың одан сайын күйреуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан жергілікті әкімшілік тұрғындарды арнайы маман барып тексергенге дейін қауіпті деген аумаққа жақындамауға шақырып отыр. Төтенше жағдайлар басқармасының мәлімдеуінше, жер сілкінісі аймағында 50 мыңнан астам палаткалар құрылған. Онда зілзаладан зардап шеккен тұрғындар орналастырылмақ. Бұдан бөлек, Ыстамбұл биржасының транзакциялары уақытша тоқтатылғаны мәлім болды.
Мурат Курум, Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі:
-7,7 балдан кейін біз 7,6 балдық екінші жер сілкінісін бастан өткердік. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Измирдегі жер сілкінісінің 110-шы сағатында үйінді астынан сәбилерімізді алып шықтық. Мұнда да іздестіру-құтқару жұмыстарын осы қарқынмен табанды түрде жүргізіп жатырмыз.
Өкінішке қарай, Хатай провинциясында екі қандасымыз үйінді астында қалып қойған. Олар, Мұстафа Өзтүріктің туыстары екені белгілі болды. Нұрай және Бушра Қазаққа көмектесу үшін Ыстамбұлдан бір топ ерікті жолға шықты.
Еркан Шалышкан, қандас:
-Қазір Антакияға (Хатайға) кірдік. Жүк көлігінің ішіндеміз. Жығылған үйіміз бар. Үйіндінің ішінде қазақ әпкеміз бен қарындасымыз бар. Соларға көмектесу үшін бара жатырмыз. Жолдар өте қиын. Машиналар жүрмейді. Көмек үшін фурамен жүрміз. Ішінде аттар бар. Сол көмекке апаратын. Тез уақытта жетуіміз керек. Әпкеміз бен қарындасымыз үш күннен бері жығылған үйдің астында. Соған тез көмек сұрап отырмыз.
Түркияға жаһан жұрты көмек қолын созуда. Қазірге дейін 70-тен астам мемлекет пен халықаралық ұйым көмегін ұсынды. Апат аймағында шетелден келген 3 мыңнан астам құтқарушы ат салысып жатыр. Түркияда тұратын қандастарымыз бен отандастарымыз да жығылған жұртқа бірнеше көлікпен көмек жіберді. Гуманитарлық жәрдемнің құрамында жылы киім-кешек пен азық-түлік, тұрмысқа ең қажетті деген заттар бар. Осындай ізгі амалдары қара жамылған жұрттың көңіліне демеу.