Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 33 мыңнан асты
БҰҰ мамандары: «Құрбандар саны екі есе артуы мүмкін»,–дейді. Ресми мәліметке сай, Түркияда 80 мың адам ауруханада жатыр. 1 млн аса тұрғын уақытша баспанада түнеуге мәжбүр. Елдің 10 провинциясында 25 мың үй қираған. Әзірге тұрғындарға үйлеріне кіруге болмайды. Арнайы комиссия ғимараттардың тұруға жарамдылығын анықтауы тиіс. Құрылыс компанияларының өкілдеріне қатысты тергеу басталып, 131 адамды қамауға ордер берілген. Жоғары оқу орындары қашықтан оқытуға көшіріліп, жатақханаларға зардап шеккендер орналастырылмақ. Ал көшелер мен базарларда қауіпсіздік күшейтіліп жатыр. Оған ұрылардың көбеюі себеп. Ал Сирияда апат салдарынан баспанасыз қалғандар саны 5 млн асуы мүмкін. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі. Алеппоға гуманитарлық көмек жеткізіліп жатыр. Бір аптада Сирия 57 рейс қабылдаған.
Мартин Гриффитс, БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары:
- Мен Баб-Әл-Хавада тұрмын. Түркия мен Сирия шекарасындағы бақылау өткізу пункті. Бұл Сирияның солтүстік-батыс бөлігіне апаратын жол. Көріп тұрғандарыңыздай, мына көліктерге гуманитарлық көмек тиелген. Зардап шеккендерге жәрдемдесу үшін көмек жеткізілетін мерзімді 3 айға созуды жоспарлап отырмыз.
Түркияда қирандылар арасынан аман қалғандар шығарылып жатыр. Газиантепте 170 сағат өткенде бір әйел құтқарылды. Мұны Anadolu агенттігі хабарлады. Хатай провинциясында тағы бір әйел аман табылды. Ол үйінді астында 175 сағат бойы жатып қалған. Бұған дейін осы аймақта әкесі мен оның 11 жастағы қызы құтқарылған. Искендерун қаласында да бір адам табылғаны хабарланып отыр.