Польша-Беларусь шекарасы жабылды
Польша мен Беларусь елдерін байланыстыратын «Кукурики-Козловичи» шекарасына шектеу қойылды. Енді бұл шекара бекетінен ЕуроОдаққа мүше мемлекеттерде тіркелген жүк көліктері ғана өте алады. Жолда қалғандардың қатарында қазақстандық тасымалдаушылар да бар. Демек отандық экспорт пен импортталатын тауарлар айналымы тоқтады деген сөз. Ендігі үміт Литва-Беларусь, Латвия - Беларусь және Латвия-Ресей шекара өткелдері арқылы өту. Алайда ол аумақтарда жүруге рұқсат беретін құжат әзірге жоқ. Басқа жолдар уақыт не қаражат жағынан тиімсіз. Қазір еліміздің сыртқы істер министрлігі Польшамен аталған мәселеге байланысты келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.
Мұрат Амрин,«Атамекен» ҰКП Басқарушы директоры:
-150 қазақстандық тасымалдау көлігі Польша аумағында қалып, Қазақстанға қарай жол жүре алмай жатыр. Беларусь елінде де жерлестеріміз қалған. Бәрімен байланысып отырмыз. Польша мемлекетімен келіссөздер жүріп жатыр. Қазақстандық көліктер үшін шекараны ашу бойынша ұсыныстар айтылуда.