Түркияда зілзала құрбандарының саны 45 мыңнан асты
Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісінен кейін 1 ай өтті. Апат аймағында қирандыларды тазалау жұмыстары күні-түні жүріп жатыр. Қахраманмараш, Малатия, Газиантеп қалаларында жаңа ғимараттарды салатын орындар белгіленді. Мамандар зілзала салдарынан қираған үйінділерден 200 миллион тонна қоқыс шығуы мүмкін деп отыр. Соңғы мәлімет бойынша, елде жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 45 мыңнан асты. 109 мыңға жуық адам зардап шеккен. 7 балдық жерасты дүмпулерінен кейін аймақта 13 мыңнан астам афтершок тіркелді. Сол себепті зақымданған ғимараттар әлі де қирап жатыр. Шанлы-Урфа өңірінде көпқабатты тұрғын үй жермен жексен болып, 1 адам қаза тапты.
Сүлейман Сойлу, Түркияның Ішкі істер министрі:
-Жалпы апат аймағында 28 мың ғимараттың үйіндісі бар. Оның 12 мыңы — Хатайда. 6 мың ғимарат тұруға жарамсыз, бұзу керек. Жалпы ғимараттардың 25% құлаған. 75%-і — қатты зақымданған.