Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдерінің саммитінде сөз сөйледі

  • 5
  • 15.10.2026, 17:53

Бүгін Қарт Каспийдің қарсы бетіндегі Бакуде жетінші саммиттің шымылдығы түрілді. Маңызды басқосу сары құрлықтағы саяси ахуалға ықпал етіп, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Саммитте Президент жасанды инттелект саласына кеңінен тоқталып, көлік байланысы, өңірлік ынтымақтастық, энергетикалық қауіпсіздік тақырыптарын қаузады. Жаһандық су мәселесі де назардан тыс қалмады. Сапары аясында Мемлекет басшысы Израиль, Әзербайжан президенттерімен кездесті. 

Әлішер Әли, тілші:

-Азия кеңесін құру бастамасын 1992 жылы біздің ел көтерді. Алғашқы саммит Алатау баурайында өтті. Алматыда кеңестің бас құжаты қабылданып, мақсаты мен міндеті бекіді. Одан кейін жиынға Түркия, Қытай мен Тәжікстан төрағалық етсе, 4 жыл бұрын тізгін қайта елімізге өтті. Ал бүгін қарт Каспийдің қарсы бетіндегі Бакуде жетінші саммиттің шымылдығы түрілді.

Әзербайжанның бас қаласы Баку 2024 жылдан саммитке төрағалық етеді. Содан бері көлік байланысын кеңейтуге, цифрландыру мен тұрақты дамуға басымдық берді. Сауда, ғылым және білім саласындағы бірлескен жұмысты да жандандыруды көздейді. Жиынды сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті жоғары деңгейде өткізген Ильхам Әлиевке алғыс айтып, Әзербайжанның сан саладағы ілкімді істерін жоғары бағалады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-Тарихы терең әрі заманауи жаңашылдықты бойына тоғыстырған ғажайып Бакуге қайта оралу – мен үшін үлкен қуаныш. Президент Әлиевтің көреген басшылығының арқасында Әзербайжан экономика мен халықаралық қатынастарды қоса алғанда, барлық салада айтарлықтай ілгерілеуге қол жеткізіп, дамудың жарқын үлгісіне айналды. Біз Әзербайжанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің әлеуетін нығайтуға, оны диалог, сенім және жан-жақты ынтымақтастықтың бірегей алаңы ретінде дамытуға бағытталған белсенді төрағалығын жоғары бағалаймыз.

29 мемлекет. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес бүгін Лаоспен толықты. Президент ұйымға мүше елдерде жер жүзіндегі халықтың жартысына жуығы барын айтып, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Келелі жиын сары құрлықтағы саяси ахуалға ықпал етіп, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын тағы еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-2025 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі қарулы қақтығыстардың ең көп саны тіркелді. Оның зардабын статистика ғана емес, ең алдымен адам өмірі көрсетеді. Жуырдағы бір жылдың өзінде 20 қарулы қақтығыс барысында 37 мыңнан астам бейбіт тұрғынның қаза тапқаны расталды. Бүгінде 117 миллионнан астам адам күштеп қоныс аударуға мәжбүр, ал 266 миллион адам азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне тап болып отыр. Бұл үрдіс жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке қол жеткізу үшін ондаған жыл бойы жүргізілген бірлескен саяси күш-жігерге нұқсан келтірді. Сондықтан Азияға неғұрлым қуатты институттар қажет екені анық.

Болашаққа бағытталған ұйым түбегейлі өзгерістерге дайын болуы керек. Президент қаузаған тақырыптардың бірі жасанды интеллект.  Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ технологиясын қауіпсіз әрі жауапкершілікпен дамытуды көздейтін Вашингтон моделін құптайтынын айтып, ұйымның бес бағытына осы мәселені қосуды ұсынды. Бұдан бөлек Азия мен Еуропаны байланыстыратын талшықты-оптикалық байланыс желісіне тоқталды. Көлік байланысы, өңірлік ынтымақтастық, энергетикалық қауіпсіздік тақырыптары да назардан тыс қалмады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

-Өткен жылы Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан жасыл энергияны жеткізу жөніндегі стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Бұл Каспий арқылы өтетін жасыл энергетикалық дәлізді қалыптастыруға негіз қалады. Аталған дәліз үш мемлекеттің электр энергетикалық жүйелерін байланыстырып, Қара теңіз арқылы Еуропа нарықтарына шығуды қамтамасыз етуге тиіс.

Біз Әзербайжанмен бірлесіп, Қазақстан мұнайының Баку–Тбилиси–Жейхан құбыры арқылы тасымалданатын көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Каспий теңізінің өңірлік және жаһандық энергетикалық қауіпсіздік үшін маңызы артып келе жатқаны айқын.

Азия мен Тынық мұхиты аймағында әлем халқының 60 пайызы тұрады. Алайда жаһандық су ресурстарының небәрі 35 пайызы осы өңірге тиесілі. Президент келелі кеңесте су мәселесін де көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық су ұйымын құру туралы бастаманы Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның атынан бірлесіп ілгерілетуге болатынын айтты. 

Азия жалпы ішкі өнім мен сауда мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ре­тінде мойындалды. Аймақ айтар­лықтай адами және табиғи ресурс­тарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқаны бұған дәлел. Мемлекет басшысы адами капитал мен жас ұрпақтың болашағына назар аударып, Қазақстан ұйымға мүше барлық ел студенттеріне степендия бөлуге дайын екенін айтты. 

Ильгар Велизаде, саясаттанушы:

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцогпен кездесті. Тараптар Қазақстан-Израиль қарым-қатынасын қаузап, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа тоқталды. Сондай-ақ Таяу Шығыстағы ахуал жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен де кездесті. Мемлекеттер басшылары қос ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту жайын қаузайды. Бүгінде қос ел көлік-логистика, энергетика және цифрландыру сынды сан салада бірлесе жұмыс атқарып келеді. Биылғы жылдың алты айында тауар айналымы 250 млн АҚШ долларынан асты. Қазақстан астық, алюминий, металл, химикаттар мен мұнай жеткізеді. Ал Әзербайжаннан көлік құрастыруға арналған жабдықтар, полиэтилен және азық-түлік өнімдерін сатып аламыз.

Авторлары: Әлішер Әли, Хабар, ПТРК көмегімен