Суданда атыс жалғасып жатыр
Тараптар оқ атуды тоқтатуы туралы келісімді бұзды деп бір-бірін айыптап жатыр. Екі аптаға созылған қақтығыстан 600-ге жуық адам қаза тауып, 4 жарым мыңнан аса тұрғын жараланды. Құрбандардың саны бұдан да көп болуы мүмкін. Біріккен Ұлттар Ұйымы: «атыс-шабыстан бас сауғалаған тұрғындар саны 800 мыңнан асуы мүмкін», — дейді. Қазірдің өзінде Оңтүстік Судан, Чад, Египет, Эфиопия сияқты көрші елдерге 100 мың адам қашқан. Хартумда азық-түлік, дәрі-дәрмек тапшы. Дүкендер жабық. Суданда билікке таластан туындаған қарулы қақтығыс сәуірдің 15-де басталды. БҰҰ дерегінше, ықпалды топтар өз өкілдерін келіссөзге жіберуге келіскен. Келіссөз Сауд Арабиясында немесе Оңтүстік Суданда өтеді деген ақпарат бар.