Хабар телеарнасы

Өзбекстанда жаңа редакциядағы конституция күшіне енді

Жалпыхалықтық референдум нәтижесінде 155 баптан тұратын құжат бекіді. Бұрынғысы 128 бөлімнен құралған еді. Жаңа түзетулер заңның 65% қамтиды. Жерді жекеменшікке беру, өлім жазасын алып тастау, сондай-ақ Президенттің өкілеттілік мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұзарту сынды ұсыныстар қолдау тапты. Дауыс беруге 16 млн 700 мың адам қатысты. Соның 90% астамы өзгерістерді қолдаған. Осылайша елде Парламент пен Президенттің құзіреті кеңейді. Енді Сенат жемқорлық пен монополияға қарсы органдардың басшыларын сайлай алады. Бас прокурор, есеп комитетінің жетекшісі және Премьер-Министр де тек фракция өкілдерінің келісімімен қызметке тағайындалады. 

Зайниддин Низамқожаев, Өзбекстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Референдум халықаралық нормалар мен стандарттарға, ұлттық заңнамаға және онда айқындалған ашықтық, жариялылық секілді қағидаттарға толық сәйкес өтті. Түпкілікті нәтижеге әсер етпейтін кей кемшіліктер бар. Олар дер кезінде жойылды. Референдумда 19,7 млн адам дауыс береді деп күтілген. Соның 16,7 миллионы таңдауын жасады. 9,35% қарсы дауыс берді.