Мысырда Бейбарыс Сұлтан мешіті ашылды
Даңқты билеуші әрі мықты қолбасшының 800 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға елімізден Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация қатысты. Ол өз сөзінде Бейбарыс сұлтанның есімі жаһан тарихына алтын әріппен жазылғанын атап өтті. Сонымен қатар Палата Спикері екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әл-Әзһәрдың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Әбдел Вахаб Әбдел Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталғанын айтты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Бүгінгі шараға қатысушыларға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жылы лебізін және көне мешіттің ашылуына байланысты құттықтауын жеткізуге рұқсат етіңіздер. Біздің еліміз осы мерейтойды жоғары дәрежеде атап өтуге аса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өткізіліп жатыр.