Қазақстан – ҚХР шекарасында көрме өтті
Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі өтті. Оған Қазақстан тарапынан 150-ге жуық кәсіпкер қатысып, түрлі өнімдерді ұсынды. 15 мың шаршы метр алаңға орналастырылған көрме үш секциядан тұрады. Онда негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерімен қоса, аталған саладағы жетістіктер мен ауыл шаруашылығы техникалары таныстырылды. Бұл көрме Қытай мен Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибе алмасуы іспетті. Мұндай халықаралық көрме өткізу туралы шешім екі ел басшысының қатысуымен мамыр айында өткен «Қытай – Орталық Азия» саммиті кезінде қабылданған еді.
Нұрдәулет Кененбаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
-Хоргос қаласында ұйымдастырылып отырған ауыл шаруашылығы көрмесіне жалпы біздің облыстан 59 кәсіпорын келді. Қытай бизнес өкілдері тарапынан қызығушылық танытқан жағдайда осы жерде өзара келісімдер жүргізіледі деген үлкен үмітіміз бар.
Ділраба Әкімбей, Қорғас қаласының тұрғыны:
-Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бірінші Іле халықаралық көрмесіне қатысқаныма өте қуаныштымын. Ішкі Қытайда Қазақстанда өндірілген тауарларға деген сұраныстың өте жоғары екенін айтқым келеді. Болашақта бұл шара тұрақты ұйымдастырылады деген үміттеміз.