Әлем елдері аптап ыстықтан зардап шегіп отыр
Өрт, дүлей дауыл, тасқын. Табиғи апаттардың жиілеуі қалыпты құбылысқа айналып барады. Бұл – жаһандық жылынудың салдары. Өткен аптада жер шарының жартысында ең жоғарғы температура тіркелді. Ғалымдар мен зерттеуші мамандардың болжамы қандай?
Аптап ыстықтан былтыр Еуропада 61 мың адам көз жұмған. Биыл да әлем елдерін ыстық әуреге салып жатыр. Оңтүстік Кореяда жақында ғана 23 адам қапырыққа шыдай алмай қайтыс болды. Құтқару қызметінің мәліметінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге көп. Олардың дені – ауылда тұрып, егістік пен фермада жұмыс істеген 70-тен асқан зейнеткер. Билік тұрғындарға күн астында дала жұмыстарын жүргізбеуге, мүмкіндігінше далаға шықпауға кеңес берді.
Чон Джи У, Сеул қаласының тұрғыны:
- Ыстық күндері біз дәстүрлі корей тауық сорпасы мен салқын сусындар ішеміз. Салқындатқыш болса, үйде қалуға тырысамыз.
Тимур Ақшүнов, Сеул қаласының тұрғыны:
- Жұмыста бізге минералды су береді. Біреу есінен танып қалған жағдайда, әрине, медициналық көмек көрсетіледі. Бірақ, менің білуімше, аптап ыстықтан көбіне қарт адамдар зардап шегеді.
Онсыз да ауа райы ыстық болатын Сауд Арабиясында адам шыдамайтын аномалдық жоғары ауа температурасы тіркелген. Демалыс күндері термометр тіпті 58 градусты көрсеткен. Метеорологтар бұған дейін араб елінің дархан қаласында 81 градус ыстық 2003 жылы болғанын еске алды. Импортпен күн көретін Сауд Арабиясының жайы түсінікті, ал ауыл шаруашылығына тәуелді көптеген елдің сарапшылары қуаңшылықтың салдары экономикаға жүк түсіруі мүмкін екенін айтып отыр.
Мәселен, Францияның фермерлері су қоймалары мен бассейндерге жерасты суларын тартып, оны сақтау тәсіліне көшті. Бірақ экологтар бұл әдісті құптамай отыр. Себебі мұндай қадам болашақта өзен-көлдің тартылуына әкелуі мүмкін.
Испанияның бір бөлігін қуаңшылық жайлады. Күннің шыжығаны сонша, 30 жылдық жүзім алқаптары күйіп кеткен. «Енді жаңбыр жаумаса, биыл өнімсіз қалатын түріміз бар», - дейді шаруалар.
Эва Пласас, эколог:
- Ыстыққа қарамастан бағбандар алқаптың қурап кетуіне жол бермеу үшін суды мейлінше үнемдеді. Бірақ жүзімді сақтай алмады. Биыл бұл өңірде 62 жылда болмаған ыстық тіркелді. Азық-түлік тапшылығынан қымбатшылық болары сөзсіз.
Италияның Сардиния аралында осы демалыста ауа температурасы 44 градусқа жетті. Сицилияның Палермо қаласындағы туристер: «Ыстыққа төзу қиын», - дейді.
- Әрқашан өзіммен бірге желдеткіш, су, күннен қорғайтын көзілдірік алып жүремін. Бас киім міндетті түрде керек. Әйтпесе күнге күйіп ауруханаға түсуің мүмкін.
- Шыдау мүмкін емес, тіпті кешкілікте де күн салқындамайды, үнемі қапырық ыстық.
Аномалды ыстық салдарынан Жапонияда 3 адам көз жұмды. Билік күн райы өзгергенше қарт адамдар мен балалардың далаға шықпауын ескертіп, хабарлама таратты. Ыстықтан қан қысымы көтеріліп, ауруханаларға түскендер қаншама. Токионың орталық көшелерінде адамдарға салқын судан бөлек, мұзды өнімдер даярлайтын болған.
Шиничи Уракава, саяхатшы:
- Бүгін біз Киотодан келдік. Онда өте ыстық, бірақ Токиода да солай екен. Мен қыздарыммен бірге мұзды десерт алып, салқындадық.
Иранда да күн күйіп тұр. Мұндағы билік ыстық салдарынан тіпті екі күндік демалыс жариялаған. Иранның оңтүстігіндегі көптеген қала аптап ыстықтан зардап шекті. Мемлекеттік БАҚ Оңтүстік Ахваз қаласында ауа температурасы 51 градусқа жеткенін хабарлаған.
«Соңғы аптадағы жер шарындағы аптап ыстық антропогендік климаттың өзгеруімен байланысты», - дейді ғалымдар. Мамандар қуаңшылықтың салдары ертең азық-түлік бағасына қатты әсер ететінін айтады.
Индира Жылқайдар, «Хабар»