Ит ас па, дос па?
Оңтүстік Кореяда ит өсіруге, союға және тағам ретінде сатуға тыйым салынды. Тәртіпті бұзған адам 3 жылға бас бостандығынан айырылуы немесе 22,5 мың доллар айыппұл төлеуі мүмкін. Бірақ ит етінен тамақ пісіретін мейрамханалар заңды орындауға асықпай отыр.
Сеулде ит етінен тағамдарды дайындайтын көптеген кафелер жабылғанымен, осындай бір мекеме Корея президенті резиденциясынан небәрі 100 метр қашықтықта жұмыс істейді. Тар көшеде орналасқандықтан оны табу оңай емес. «Денсаулыққа пайдалы сорпа» яғни ит етінен жасалған тағам деген жазу да әрең байқалады.
Заң 2027 жылы күшіне енеді. Сондықтан әзірге ит етінен тағам дайындайтын мекемелер жұмыс істеуде. Ли Киль Сун бұл кәсіппен 30 жылдан бері айналысып келеді. Іскер әйел жаңа норма оны табыстан айырады деп қорқады. Ли ханымның айтуынша, ол кореялық фермаларда өсірілетін иттің ерекше тұқымынан азық дайындайды және оның пікірінше, бұл үй жануарлары емес.
Ли Киль Сун, мейрамхана иесі:
-Кеше екі адам өкпе ауруымен келді, оларға ауруханада ит сорпасын жеуге кеңес берді. Қатерлі ісікпен ауыратын бір науқас болды, оған дәрігер мейрамханаға келуге кеңес берді, себебі оның лейкоциттер деңгейі көтерілмейді және бұл химиотерапияны қиындатады. Бұл денсаулыққа арналған тағам. Мен өзім плевритпен ауырдым, емделдім. Үй жануарлары мен тағамға арналған тұқымдарды ажырату керек. Сиыр, шошқа, жылқы сияқты иттерді де жеуге рұқсат беру керек.
Оңтүстік Кореяда ит етін тұтынуға тыйым салу туралы алғаш рет 1988 жылы айтыла бастады. Олимпиада ойындары кезінде Сеул мэрі мұндай тағамдарды дайындайтын мекемелерді жабу туралы бұйрық шығарды. Ит союға тыйым салу туралы көп жылдар бойы айтып келе жатқанымен, қазіргі президент Юн Сок Ёль сайлау науқаны кезінде мұндай норманы енгізуге уәде еткен. Мемлекет басшысы мен оның жұбайы Ким Гон Хидің балалары жоқ, бірақ олар 6 ит пен 8 мысық асырап алған. Көптеген корейлік отбасылар экономикалық қиындықтарды алға тартып, ұрпақ әкелуге асықпайды, бірақ мысық пен итке қамқорлық жасап отыр. Оңтүстік Кореяның әрбір төртінші тұрғыны немесе шамамен 14 миллион адам үй жануарларын асырайды
О Сан Пхё, Сеул қаласының тұрғыны:
-Біз дәстүрлі түрде ит тағамдарын жеп, оларды жақсы көреміз, бірақ соңғы уақытта біз оны жасыруға мәжбүрміз және «Сіз ит жейсіз бе?» деген сұраққа жоқ деп жауап береміз. Өйткені қазір бұл жабайылық болып саналады. Сүйікті тағамым біржола жоғалады десе ішім ауырады. Сондықтан мен тыйым салынғанға дейін күн сайын осы мейрамханаға келемін.
Джи Хе Джин, Сеул қаласының тұрғыны:
-Кореяда бұрын қиындықтарға байланысты ит жеу мәдениеті қалыптасқан. Тіпті жылан мен қара ешкі жеген деп естідім. Бірақ менің құрдастарымның көбі ондай етті жемейді. Аға ұрпақ мұндай тағамды бала кезінен жеген, оны емдік қасиеттері бар деп ойлайды. Бірақ уақыт өте келі осындай дәстүрлер жоғалады.
Иттердің етті тұқымын өсіретін шаруалар қауымдастығы басшысының айтуынша, жаңа заңнан 1,5 миллион жануар ұстайтын 3,5 мың шаруа қожалығы зардап шегеді. Белсенділер егер Үкімет бұл заңның күшін жоймаса, Сеул көшелеріне 2 миллион ит жібереміз деп қорқытты. Мейрамхана қожайыны да өз мекемесін жабуға асықпайды. Ли Киль Сун Үкіметтен өзіне және оның әріптестеріне жұмыс істеуге рұқсат беруін сұрайды. Өйткені ит етінен жасалған тағамдарды негізінен қарт адамдар жақсы көреді. Ал уақыт өте бұл дәстүр өздігінен жойылады.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян