Хабар телеарнасы

Мароккода алғаш рет ұлттық өнеріміз ұлықталды

Марокко көгінде домбыраның қоңыр үні қалықтады. Африкадағы ең көрікті елдердің бірінде алғаш рет ұлттық өнеріміз ұлықталды. Қазақстанның Мароккодағы елшілігі ұйымдастырған іс-шара Республика күніне арналған. Концерт Мұхаммед Ұлттық театрында өтті. Онда Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония мен Рабат қаласының Үлкен оркестрі өнер көрсетті. Әсіресе, хореографиялық топтың ұлттық нақыштағы биі ерекше қошеметке ие болды. Концерт соңында Рабат оркестрі қазақ әндерін орындаса, Астанадан барған әншілер араб әндерін шырқап көрерменнің ықыласына бөленді.

Ахмед Ламхаиди, Марокко тұрғыны:

-Рабатқа келген қазақ өнерпаздарының композициялары өте керемет болды. Ұқсастығымыз бен айырмашылығымыз әрине бар. Дегенмен қазақтың музыкалық аспаптарымен орындалған араб туындыларына таң қалмасқа болмады. Көзімізде, Орталық Азиядағы жайлаулар, қонақжайлық пен өнер елестеді. Ұйымдастырушыларға рақмет.