Биылғы ҰБТ-ның өтуіне бірқатар жаңашылдық енгізілді
Бұл жайында Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов егжей-тегжейлі айтып берді. Биылғы сынақ жылдағыдан өзгеше болмақ.
Риат Шони, тілші:
- Пандемия ҰБТ-ның өтуіне де бірқатар жаңашылдық енгізіп отыр. Барлық сынақ тапсыру пунктеріне кіру тәртібі қатаңдатылды. Сонымен биыл мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-ны маусымның 20-сы мен шілденің 5-і аралығында тапсырады. Оған қатысуға 131 мыңнан астам оқушы ниет танытқан. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 12% көп. Биыл сынақ 161 пункте өтеді. Онда 1200-ден астам аудитория әзірленіп, тиісті нұсқаулық қабылданды.
«Әсіресе қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылады»,– дейді Білім және ғылым министрі. Нақтырақ айтар болсақ, залалсыздандыру бойынша 5 түрлі шара қолданылатынын тағы бір айта кетейін. Олар: тест тапсыруға келген оқушы дезинфекциялау тоннелі арқылы өтеді, аяқ-киімді арнайы дезинфекциялаушы кілемшеде өңдейді, тағы қолды санитайзермен тазалауы қажет, кіре берісте дене қызуы өлшенеді, бұдан өзге оқушыға бір рет қолданылатын бетперде ұсынылады. ҰБТ өткізу пункттеріне кіру тәртібі бойынша тест тапсырушылар арасындағы арақашықтық кемінде екі метр болуы шарт. Баласы үшін ата-аналар алаңдап, уайымдайтыны белгілі, бірақ биыл ата-аналар үйлерінде отыруы керек, ҰБТ тапсыру пунктерінің аумағында күтуге тыйым салынады. Олар үшін онлайн көрсетілім ұйымдастырылады.
Биылғы сынақтағы жаңашылдық бұл ғана емес. Тест тапсыруға келген түлектің бет-әлпетін тану көмегімен, яғни «Face ID» жүйесі арқылы тұлғаны сәйкестендіру алғаш рет қолданылады. Айта кету керек, биыл әдеттегі қағаз күйіндегі сертификаттардың орнына электронды сертификаттар берілетін болады. Тағы педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шектік ұпай 60-тан 70-ке дейін көтерілді.