Отандық ғалымдар мен Оксфорд университеті әл-Фарабидің ғылыми мұраларын бірге зерттемек
Бұл туралы шетелдік және отандық ғалымдар қатысқан «Әл-Фараби: өмірі мен мұрасы» атты ғылыми симпозиумда айтылды. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған басқосу онлайн форматта өтті. Оған Ұлыбритания, Қазақстан, АҚШ және Германиядан ұлы ойшылдың мұрасын зерттеп жүрген ғалымдар қатысты. 100-ден астам ғылыми-академиялық және қоғамдық топ өкілдерінің басын біріктірген іс-шараны Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі Оксфорд Ислам зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырды. Орталық директоры Фархан Низами әл-Фараби мұраларының қазіргі әлем үшін өзектілігіне тоқталды. Жалпы мамандар: «Ұлы ғалымның рухани және гуманитарлық мұрасы әлем өркениеті үшін аса маңызды», – дейді.
Фархад Низами, Оксфорд университеті ислам зерттеу орталығының директоры:
- Орталықтың басты академиялық мақсаттарының бірі – Ислам және Батыс білім әлемі арасындағы әріптестікке жәрдемдесу. Әл-Фараби, біз білетіндей, Орталық Азия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкада көп саяхат жасады және оны Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» деп танимыз. Оның ықпалы орасан, ал маңыздылығы – өлшеусіз. Іс-шара нәтижесінде Оксфорд университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттері арасында ұзақ мерзімді ғылыми көпір орнайды деп сенемін.