Нұр-Сұлтанда жаңа оқу жылында кезекші сыныптар қалай оқытылады?
«1 қыркүйекте жаңа оқу жылы елордалық мектеп (1-11 сыныптар) пен колледждің бәрінде сабақ қашықтан оқыту форматында басталады. Бұл ретте қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, бастауыш сыныптың оқушылары үшін кезекші сыныптардың жұмысы жоспарлануда. Оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіре кетейін: бастауыш сынып оқушылары үшін ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар ашылады. Оқу бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15-тен аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әртүрлі уақытта болады. Сонымен қатар сабақтардың бір бөлігі қашықтан жүргізіледі», – деді Шолпан Қадырова қала әкімдігінің Facebook-тегі парақшасында өткен баспасөз мәслихатында.
Басқарма басшысының айтуына қарағанда бұл ретте санитарлық талаптарды сақтау – басты міндеттердің бірі. Санитарлық нормаларды сақтау үшін мектептер дезинфекциялау құралдарымен, сенсор термометр, қорғаныс құралымен қамтамасыз етіледі.
Ал дәстүрлі форматтағы оқу жағдайында, яғни кезекші сыныптардың жұмысы үшін алгоритм мынадай болады:
– ата-аналар балаларды кезекші сыныптарға әкеледі, бірақ ғимаратқа кірмейді;
– мектептің кіреберісіне дезинфекциялық кілемше төселеді;
– мектепке кірер кезде баланың дене қызуын өлшеу;
– қолды антисептикпен өңдеу және масканың болуы міндеттеледі;
– барлық қабатта және әрбір кезекші сыныпта санитайзер орнату;
– сыныпты желдету, кварцтау және жуу кестесі;
– қызыл сызықпен белгілей отырып, медициналық кабинеттердің жанында оқшаулау бөлмесін ашу.