Мектептердің біразы жаңа оқу жылына дайын емес
Биыл 3 млн 600 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Дегенмен жаңа жағдайдағы оқуға білім ошақтарының барлығының әзір еместігі белгілі болып отыр.
Елордадағы №30 мектеп-гимназиясында ережеге сай 1050 бала оқуы тиіс. Алайда білім ошағы биыл 2 мың 200 бала қабылдауға мәжбүр. Мұны білген Александра Малдыбаева секілді ата-аналар шыр-пыр. Себебі арақашықтық сақталғанымен, үзілістегі балалардың опыр-топырын қадағалау мүмкін емес. «COVID-19 жұқтырмасына кім кепіл?!», - дейді олар.
Александра Малдыбаева, ата-ана:
- Біз балалардың да, мұғалімдердің де денсаулығына зиян келмесін дейміз. Қазір шағын ғана кабинеттерге 36 баладан отырғызып қоймақшы. Бұл санитарлық талаптарға сай емес. Сол себепті балалардың тең жартысын қашықтан оқытқандары дұрыс.
Ирина Цыплакова, ата-ана:
- Оқушылар нормадан екі есе көп. Санитарлық талап бойынша, 2,5 метр арақашықтық сақталуы керек. Аралас режимде оқытпаса, қазір оқушылардың ішінде COVID-19 көбейіп кетуі мүмкін. Жалғыз ұлымның қауіпсіздігін ойлап отырмын.
№30 мектеп гимназияның директоры ата-аналардың сөзін қостап отыр. Дегенмен қолдан келер қайран жоқтығын айтады.
Индира Жылқайдарова, тілші:
- Бұл кабинеттің аумағы 74 шаршы метр, мектеп гимназиясында мұндай кең тек 5 сынып бар екен, қалғандарының аумағы 30-54 шаршы метрден аспайды. «Сондықтан санитарлық талаптарды толықтай 100% орындау мүмкін болмай отыр», - дейді мектеп директоры.
Мектеп директоры мәселені шешу үшін оқушыларды тұратын жерлеріне жақын маңдағы оқу орындарына орналастыруға ниеттенген. Алайда оларда да дәл осы мәселе. Екі есе артық бала қабылдауға тура келген.
Сәуле Әзімханова, №30 мектеп-гимназиясының директоры:
- Біз үш түрлі жолмен жұмыс істеуге дайындалып отырмыз. Бірінші жол штаттық режимде, яғни қанша бала болса, соншасы сыныпта отырады. 18 парта сиятын кабинетке 36 бала отырады, сыймаса қай жерге отырғызамыз?! Екінші жолы, аяқ астынан балаларымыз ауырып қалып жатса, аралас оқыту жүйесіне өтеміз.
Ал үшінші шешім ұзақмерзімді болғалы тұр. Санитарлық талаптарды толық сақтай алу үшін кең оқу корпусы керек, ал оның құрылысы тек келесі жылы жобаға енгізілмек. Ата-аналардың өтініші бойынша Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасына хабарласқанымызда, олар: «Көпке ортақ дәстүрлі білім беруге қатысты нормативті құжат әлі шыққан жоқ», - деп жауап қатты.
Асыл Аманкелдиева, Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
- Әр өңірдің жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық департаменті бар. Жақында сол департаменттің қаулысы шығады. Ол жерде барлық ұсыныс жазылады, мектептегі балалар саны, сыныпта отыратын балалар саны көрсетіледі, бәрі сол алгоритм бойынша ұйымдастырылады.
Әр мектепке Ashyq жүйесі бойынша ғана кіргізуге рұқсат. Зарарсыздандыру және дене қызуын өлшеу құралдарымен қамтамасыз етілуі тиіс. Кварцтеу, күнделікті желдету – тағы бір міндет. Ресми мәлімет бойынша, еліміздегі мұғалімдердің 98% вакцина алған. Білім министрлігіндегілер: «Санитарлық нормалар сақталған күннің өзінде кабинетте балалардың сығылысып отыруына жол берілмейді», - деді.
Жомарт Қарамбаев, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл мектептерге жеке алгоритм жасалып, кейбір пәндерді қашықтан оқытуға рұқсат беріледі. Егер ол мектеп 5 күндік оқу аптасында болса, әкімшілік пен қамқоршылық кеңестің шешімімен 6 күндік оқу аптасына көшірілуі мүмкін. Үзілістер әртүрлі уақытта болады. 1-сыныптарға сабақ бір кабинет принципі бойынша өткізіледі. Асхана арнайы кесте бойынша әртүрлі кезеңде жұмыс істейді.
Егер алда-жалда сыныпта бір бала ауырып қалса, бүкіл сыныпты карантинге жабу қарастырылып отыр.
Кім қалай оқиды? Сан сұраққа тұщымды бір жауап жоқ. Тиісті ведомство мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жүйелі кесте бойынша не болмаса екі, үш ауысыммен шешпек ниетте. «Балалардың барлығын барынша дәстүрлі оқытуға ұмтылыс – білім сапасын төмендетіп алмау», - дейді мамандар.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Тайыр Мерекенов