Ақтөбеде полицейлер білім ордаларының маңына кезекшілікке шыға бастады
Бастауыш сынып оқушылары әбден үйренгенше, сақшылар қозғалысты жіті назарда ұстайды. «Абайлаңыз, оқушы» жедел алдын алу шарасы аясында облыстық Полиция департаментінің өкілдері өңірдегі барлық білім беру мекемесінде қауіпсіздік шараларын тексерген.
Облыс орталығындағы №72 орта мектепте 128 бейне бақылау камерасы орнатылған. Әр қабат пен кабинеттерден бөлек, ғимараттың ауласы да тәулік бойы күзетшілердің назарында. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жүйе Полиция департаментінің жедел басқару орталығымен біріктірілуде. Бұл дабыл түймесімен бірге тәртіп сақшыларына жедел ақпарат жолдау әдісі болмақ.
Атығай Арыстанов, облыстық ПД бастығы:
- Қазіргі уақытта күзет қызметкерлері бүкіл мектепте жоқ. Олар енді-енді жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оны біз міндетті түрде бақылауға аламыз. Міндетті түрде күзет қызметкерлері болады. Кірерде де, шығарда да балалар қатаң бақылауда болулары керек.
Ол үшін барлық мектепте арнайы турникет болуы тиіс. Бастауыш сынып оқушылары электрондық білезіктермен өтсе, жеткіншектер арнайы карточкаларды пайдаланады. Бұл ата-аналар үшін де тиімді. Балалардың білім ордасына кіріп-шыққан уақытын бақылауға мүмкіндік бар. Полицейлер оқушылардың жол бойындағы қауіпсіздігін де пысықтады. Облыстағы 43 мектеп автобусының техникалық жай-күйімен танысты.
Қанат Әлиев, облыстық ПД бастығының орынбасары:
- Автобустар екі есікті болуы керек. Мұнымен қоса, «Балалар» белгісі бар жазу болуы керек. Сондай-ақ екі өрт сөндіргіштері мен дәрі-дәрмек қобдишасының болуы шарт. Біреуі автобус жүргізушісінде, екіншісі салонда болуы керек.
Жағдайы қанағаттанарлық болғанымен, білім ордаларына тиесілі автобустардың барлығы жақын уақытта жаңартылуы тиіс. Биыл 18-ін сатып алу жоспарланған. Қалғандары келер жылдың еншісінде. Полиция департаментінің өкілдері: «Бұл автобустардың қатысуымен жол апаты биыл болған жоқ», – дейді. Дегенмен балалар зардап шеккен 63 дерек белгілі. Өкініштісі сол, 2 бүлдіршін қаза болды. Сондықтан тәртіп сақшылары жол ережелері талаптарын бұлжытпай орындауды талап етуде.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев