«Елорданың білім белестері» форумында білім беру жүйесін дамытудың бағыттары айқындалды
Білім саласының үздіктері мен салалық министрлік өкілдері мектептерде енгізуге болатын инновациялық жобалар мен технологияларды ұсынды. Сөйтіп, білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындады.
30 жылда еліміздегі мектептерде білім мазмұнының жаңаруымен бірге бағалау жүйесі де өзгерді. Бастапқыда бес пен төртке үйренген ата-аналар БЖБ мен ТЖБ туралы алғаш естігенде үрейленген еді. Бірақ араға уақыт сала мұндай бағалау жүйесі өз тиімділігін дәлелдеді. Бұл жүйе оқушыларды өз бетінше ізденуге ынталандыратынына көптің көзі жетті.
Сабыржан Мәдиев, Нұр-Сұлтан қаласы білім беруді жаңғырту орталығының басшысы:
- Критериалды бағалау жүйесінің арқасында балалар қателесуден қорықпайды. Бұрынғыдай сұрақтар қоюдан үркімейді. Енді олар өздерін басқалармен салыстырмайды. Бұрынғы жүйедегі 3, 4, 5 деген бағалар өте субъективті болғанын мойындауымыз керек.
Педагогтер форумында атап өткендей, мектеп оқушыларына қосымша білім беру жүйесі де жетіліпті. Тек елорданың өзінде 150-ден астам ұйым оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда. Үздік педагог-хореограф Бағдина Мейрамқызы дәл осындай ұйымның 30 жыл бұрын ашылған сәтін толғаныспен еске алады.
Бағдина Мейрамқызы, №1 балалар музыка мектебiнің оқытушысы:
- Біздің музыка мектебіміз сонау 1991 жылы ашылған. Өзім негізі қаланған кезден қызмет етіп келемін. Алғашқы хореография сыныбын аштым. Содан бері міне 300-ден аса шәкірт түлеп ұшырдық.
Тек соңғы 3 жылда елордада 32 мектеп салыныпты. Бұл үш ауысымда оқытатын мекемелер санын қысқартып, 40 мыңға жуық оқушы орнын ашуға мүмкіндік берді. Айтпақшы, оқу орындары бюджет есебінен де, жеке инвестициялар есебінен де салынуда.
Авторлары: Дана Әлиева, Серік Қоңырбаев