Талдықорғандық дарынды бала мектеп сайтын жасап шықты
Ол арқылы мектептің тарихын біліп, соңғы жаңалықтарымен танысуға болады. Жас өнертапқыш енді онлайн-кітапхана жобасын жасауды жоспарлап отыр.
Дарынды жеткіншек сайт жасауға арналған тегін бағдарламаны қолданғанын айтады. Ұстазының кеңесімен қосымша әдебиеттерді оқыған. Авторлық жобасын әлі де жетілдіремін дейді. Алдағы уақытта ауыл мектебінің ресми сайтына QR-код арқылы кіруге болады.
Тимур Брижанов, өнертапқыш:
- Сайтқа қосымша ретінде онлайн-кітапхана енгізу ойымда бар. Ғаламтор қолданушысы өзіне керек әдебиетті осы жерден таба алады. Сонымен қатар мұнда оқушы мен мұғалім чат арқылы сөйлесе алатын болады. Арадағы әңгіме сыртқа шықпайды.
Тимур тырнақалды туындысымен өңірлік шығармашылық жобалар байқауында жеңімпаз атанды. Жас өнертапқыш тағы бір сайт жасауды жоспарлап қойған. Айтуынша, ғаламтор қолданушылары Ақсу ауданы дүкендеріндегі азық-түліктің бағасымен онлайн таныса алады.
Тимурдың сыныптастары да ІТ-жобалар мен бағдарламаларды әзірлеуге ден қойған. Бірі түрлі мақсатта қолданылатын роботтарды жасап шығарса, енді бірі жылдың барлық мезгілінде санитарлық тікұшақ ұшып-қона алатын алаң моделін құрастырды.
Аружан Тұрсынбаева, оқушы:
- Бірнеше рет тікұшақтар апатқа ұшырады. Соны көріп, менде осындай идея пайда болды. Күн сәулесінен энергия алады, сол кезде бізге электр керегі жоқ және осындай алаңды барлық жерде жасауға болады.
Гүлжан Құлынбаева, информатика пәнінің мұғалімі:
- Веб-сайт құрастыруға, сонымен қатар авиация саласына көп көңіл бөліп жатырмыз. Әрбір бала дарынды. Сол дарынды аша білуіміз керек. Сондықтан қосымша сабаққа шақырып, әрқайсының жүрегіне жол табуға тырысудамыз.
Тимур Брижанов болашақта техник-бағдарламашы болуды армандайды. Қазір өз қабілетін шыңдауға көмектесетін байқауларды қалт жібермейді. Ол білім алатын Жансүгіров ауылы мектебінде 200 оқушы бар. Басым көпшілігі робототехника үйірмесіне қатысады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Қуаныш Түргенбаев