Ақтаулық азамат 80 баланы бейнелеу өнеріне тегін баулып жүр
Ақтаулық Әбуғали Мыңбаев мемлекеттің қаржылай қолдауының арқасында көркем сурет студиясын ашты. Осылайша, азамат 80 баланы бейнелеу өнеріне тегін баулып жүр. Ол 600 мың теңгедей қайтарымсыз грантқа ие болған. Бұл қаржыға кішігірім залды жалдап, үйірме жұмысына қажет құрал-жабдықтарды сатып алған. Ендігі мұраты – кең ғимаратқа көшіп, балалар шығармашылығы көрмесін өткізу.
Көркем сурет үйірмесі аптасына 2 рет өтеді. Залдың тарлығына орай қатысушылар бірнеше топқа бөлініп келеді. Бүгінгі сабақ бастауыш сынып оқушыларына арналды. Балалардың қылқаламмен сурет салуды үйреніп алғаны көзге көрініп тұр. 2-сыныпта оқитын Ақмаржан Тынышбек бейнелеу өнерін болашақ мамандығы екенін айтады.
Ақмаржан Тынышбек, 2-сынып оқушысы:
- Кішкентай кезімнен бері сурет салуды ұнатамын. Өскенде стилист болғым келеді. Осы үйірменің арқасында әдемі суреттерді салуды үйреніп жатырмын. Қазір біз жеміс-жидектер салудан бастап жатырмыз.
Суретші Әбуғали – Маңғыстау өнер колледжінің түлегі. Ұзақ уақыт құрылыста, тұрғын үйлерді жобалау саласында еңбек еткен. Ұстаздық қызмет атқару арманы тек биыл орындалғанын айтады. Бизнес-жобасы мақұлданып, қайтарымсыз грант ұтқанына қуанышты. Бейнелеу өнеріне бейімді перзентінің бос уақыты тиімді өтіп жатқанына ата-аналары да риза.
Амангүл Дербісова, қала тұрғыны:
- Өзгеріс байқап тұрмыз. Жан-жақты өсуіне, ой-өрісін дамытуға телефон өте зиян. Мысалы, қазір балабақшадағы баладан үлкендерге дейін телефонды шектен тыс қолданады. Ол баланы надан қылады. Тек тыныштықты ойлап, баланың болашағына қиянат жасауға болмайды.
Әбуғали Мыңбаев, суретші:
- Балаларға тегін сабақ беру бағдарламасы мемлекеттік «Мәдени шығармашылық» орталығынан ашылды. Баланың санына қарай Үкімет ақшасын бөліп төлейді. 4-17 жас аралығындағы 140 балаға орын алғанмын. Қызығушылығы бар үлкен адамдар болса, кешкі мезгілде бөлек оқытуға болады.
Үйірме жетекшісі жаз айлары табиғат аясында бейнелеу сабағын өткізуге қазірден бастап дайындық үстінде. Дарынды ұл-қыздар салған картиналарды көпке дәріптеу үшін жылдың соңына дейін Ақтауда көркем сурет көрмесін өткізуге ниетті.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев