Аралас мектептер қазақ тілінің дамуына кедергі келтіруде
Олар: «Аралас мектептерді таратып, тек бір тілде білім беретін мектеп жасау керек», – дейді.
Дөңгелек үстелдің басына жиналғандардың айтуынша, аралас мектептердің оқушылары сабақтан тыс уақытта жаппай орыс тілінде сөйлейді. Тіпті мектептегі ұйымдастыру жұмыстары да, түрлі шаралар да ресми тілде өтеді. «Бұл мемлекеттік тілдің дамуын тежеп отыр», – дейді зиялылар.
Қазыбек Иса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақ тілді сыныптар зиян шегеді. Аралас мектептерді тоқтатып, мектептің барлығы және балабақша да тек мемлекеттік тілде болуы тиіс деп ойлаймын.
Яғни бір ғимараттың ішінде екі тілде білім беретін мектеп болмауы тиіс. Жиында айтылған негізгі ұсыныс осы.
Дос Көшім, саясаттанушы:
- Шын мәнінде олардың бәріне жақсы мониторинг жасаса, қазақ және орыс мектебі болып, кейбір аудандарда аралас мектептің қажеті жоқ болып қалар еді. Мұның бәрі мемлекеттің, биліктің, сол жердегі атқарушы биліктің нақты жұмысы. Бірақ ондай жұмысты біз көріп отырған жоқпыз.
Елімізде жеті жарым мың мектеп болса, соның 32% екі тілде оқытады. Атап айтқанда, қазақ-орыс, қазақ-өзбек, қазақ-ұйғыр тілінде білім беретін мектептер бар. Оларда 1,5 миллиондай оқушы білім алып жүр. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары расында аралас мектептің саны артқан. Оның себебін министрлік өкілі былай түсіндірді.
Сапура Түлекова, ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрайымының орынбасары:
- Негізі аралас мектептердің қалыптасуы ата-аналардың сұранысының негізінде болып отыр. Себебі үйіне жақын жердегі мектептерден қай тілде білім алғысы келсе, соған сұраныс жоғары және сол бағытта ашылып отыр.
Демек, баласының орыс тілінде білім алғанын қалайтын ата-ана көбейген. Бұл – тарқатып талдайтын бөлек мәселе. Бірақ бірден айтайық, қазақ тілінде білім беретін мектепте сапа жоқ деген бос сөз.
Құралай Бақбергенқызы, ата-ана:
- Төртеуі де қазақ сыныбында оқиды. Жаман емес, бұл мектепті өзім білген соң, осында алып келдім. Балалар үйінде де орысша сөйлеген соң, мектепте де орысша сөйлейді. Сондықтан ол аралас мектептің кесірі емес. Менің балаларым жалпы орыс тілінде сөйлей алмайды. Бірақ түсінеді.
Толқын Әлиасқарова, ата-ана:
- Менің осы мектепте үшінші сыныпта бір қызым, бірінші сыныпта бір қызым оқиды. Білім сапасы ұнайды. Бұл мектепті таңдаған себебім, бізге жақын, қолайлы, осы жердің білімі көңілімізден шығады.
«Аралас мектептің бәрінде ресми тіл үстемдік етуде деуге болмайды. Ұйымдастыру жұмыстарын, мектепішілік шараларды мемлекеттік тілде жүргізіп отырған аралас мектеп аз емес», – дейді Білім және ғылым министрлігінің өкілі. Аз емес, ең болмағанда теңдей болуы тиіс екені түсінікті. Ал аралас мектептердің мемлекеттік тілдің дамуын тежеп отырғанына сенімді жиынға қатысушылар нақты ұсыныс әзірлейтін болып тарқады. Әңгіменің тоқетері сол, тілі жойылған ұлт та жойылады.
Дос Көшім, саясаттанушы:
- Міндетті түрде нақты ұсыныстар және ол заң аясында болу керек. Нормативтік актіге айналатындай болғаны дұрыс.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Валентин Лобанов, Әбен Нарымбаев