Елордада түркиялық дәрігерлер балалар хирургиясы бойынша шеберлік сыныбын өткізуде
Онда Анадолы жерінен келген мамандар қазақстандық әріптестеріне түрлі ауруларды емдеу жолдары мен тың тәсілдерін көрсетіп, тәжірибе алмасуда. Шара барысында 9 жеткіншекке ота жасау да жоспарланған.
Түркиялық дәрігерлер операция жасаған жеткіншектердің бірі – Диас Ақылбай. Қазір ол реанимацияда ем қабылдап жатыр. Бауыр еті баласы үшін алаңдаған ананың көңілін шетелдік маманның өзі келіп басып, операцияның қалай өткенін баяндап берді.
Наурызгүл Масығұтова, ата-ана:
- Бауырында киста өскен. Оны Көкшетау қаласында УДЗ арқылы анықтадық. Сосын елордаға жолдама алып, шеберлік сыныбы өтеді деп естідік. Барлығы тегін. Толқып тұрмын. Оратор едім, қазір енді сөз айта алмай тұрмын. Емханадағы меңгерушіге, түрік ағайындыларымызға алғыс айтқым келеді.
15 мамыр күні басталған шеберлік сыныбы аясында Түркияның Ыстамбұл қаласынан келген дәрігерлер қазақстандық әріптестеріне түрлі ауруларды емдеудің тың әдісін үйретпек. Мәселен, күрделі операцияларды денені кеспей жасау тәсілі қолданылуда. Лапароскопиялық әдіспен бүгінде 5 балаға операция жасалыпты.
Гүлнәр Құлышева, №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының директоры:
- Осы 2022 жыл Балалар жылы деп жарияланды. Осы жылдың аясында біздің №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы халықаралық шеберлік сыныбын ұйымдастырып, тақырыбы «Балалар хирургиясы» болып белгіленді. Себебі негізгі мақсаты – Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас бүлдіршіндеріміздің қандай да бір ақауларына ота жасап, көмектесіп, оларды емдеп, әрі қарай жеткізу.
Шеберлік сыныбы барысында түркиялық дәрігерлер онлайн трансляция арқылы өз білген-түйгендерін баяндап, балаларға ота жасап, іс жүзінде де тәжірибелерімен бөлісті. Меймандар қазақстандық әріптестерден де біраз нәрсені үйренгендерін айтады.
Бурак Тандер, Аджибадем клиникасының балалар хирургы /Түркия/:
- Қазақстанда нейрохирургияны дамытуда осындай тәжірибе алмасулар өте маңызды. Мұндай шеберлік сыныптарының барысында біз білгенімізді үйретсек, қазақстандық мамандар өз емдеу жолдарын бізге көрсетеді. Кейін жаңа әдістерді де ойлап табуға болады. Мәселен, Түркияда сирек, бірақ Қазақстанда көп кездесетін диагноздармен кең танысып, оны емдеу жолдарын үйрендім.
Жалпы осы жолғы шеберлік сыныбы аясында 9 балаға ота жасау жоспарланған. Ал жыл соңына дейін осындай 4 халықаралық шеберлік сыныбы өтеді деп отыр.
Авторлары: Риат Шони, Дархан Кунтуо