Түркістан облысындағы Келес ауданының халқы балаларының ескі ғимаратта оқуына қарсы
Себебі 300 орындық мектепте 800-ге жуық бала қысылып, қым-тырып білім алуға мәжбүр. «Ал жергілікті биліктің мәселені уақытша шешу үшін жабдықтаған қосымша ғимараты құлаудың алдында тұр», – дейді.
Жандос Рүстемовтің төрт баласы осы мектепке барады. «Бірақ барлығы бірдей сапалы білім алып жатыр деуге ауыз бармайды», – дейді. Себебі 2004 жылы 300 орынға лайықтап салынған №9 Көлтоған жалпы орта мектебінде оқушы саны шамадан 2,5 есеге артық. Сондықтан мектеп басшылығы дәлізді пайдаланып, ағаштан кабинет жасапты.
Жандос Рүстемов, Амангелді ауылының тұрғыны:
- Біздің мектеп ішіндегі әжетханалар ылғи құлыптанып тұрады. Мен талай айқайлағанмын. Қысқасы, бізге бір жаңа мектеп керек. Ол жерге балаларды жібермейміз. Жібермесек, учаскелік полиция келеді. «Бала мектепке бармай жатыр, айыппұл саламыз», – дейді.
Халқы тығыз орналасқан ауылдың демографиялық өсімі де жақсы. Сондықтан оқушылар үшін мектеп мәселесі қашан да өзекті. Білім нысанының қосымша ғимараты әбден тозып, қабырғасынан жылу кетсе де әлі пайдаланып отыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Бұл ғимарат өткен ғасырдың 70-ші жылдары жұмысшыларға арнап салынған жатақхана еді. Бала саны артқан соң, 2000 жылы мектеп кабинеттеріне лайықталып, жабдықтау ісі жүргізілген. «Апатты жағдайда» деп алаңдаған тұрғындар бұл нысанда 100-ден астам бала оқып жүргенін айтады.
Ажары қашқан ескі нысанның екінші қабаты адам өміріне қауіп төндірген соң есігіне құлып қойылды. Бірақ бірінші қабатында бастауыш сынып оқушылары әлі де оқып жатыр. Шатырынан су кетіп, қабырғасы қақырап тұрғандықтан ата-ананың көңіліне алаң кірді.
Фатима Әсілова, Амангелді ауылының тұрғыны:
- Жоғарғы жағында жүруге де, отыруға да, оқуға да болмайды. Балалар төменгі қабатта оқиды. Іші суық, асты цемент. Балаларымызға алаңдап отырамыз. Бұл бір күні құлап кетсе, төбесі ойылып кетсе, не болады? Балалар ауырады. Мына жерде олар сырт киіммен отырады. Қалай оқиды, көрініп тұр ғой бәрі.
Аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің өкілдері: «Ескі нысанның күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қаралғанын күтіп отырмыз, – дейді. Тұрғындардың талабы ескеріліп, ескі ғимаратта бала оқыту тоқтатылыпты.
Бақтияр Әбдиев, Келес аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:
- Күрделі жөндеуден өткіземіз деп жобалау-сметалық құжаттарын дайындадық. Сметалық құжатқа облыстан қаржы сұраттық. Қаржы берілген жағдайда келесі жылы күрделі жөндеуден өтеді. Содан кейін пайдаланатын боламыз.
Бөлім басшысының айтуынша, жаңа мектепті тек көрші ауылда салу жоспарланған. Құрылысы аяқталса, қос ауылдың мектептегі орын тапшылығы мәселесі шешімін табады деп отыр. Ал оқушылар оған дейін 300 орындық мектепте үш ауысыммен оқуына тура келеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов