Шахмат мектеп бағдарламасына қосылады
Отырыс барысында шахматшылар Алматыда 1500 балаға арналған шахмат пен ақпараттық технологияларды тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат салу жөніндегі және бұл спорт түрін мектеп бағдарламасына факультативтік пән ретінде қосу ұсыныстарын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастаманы құптайтындығын айтып, кәсіпкерлер тарапынан шахмат спортын дамытуға қолдау көрсетудің маңызды екеніне баса мән берді. Ақордаға Президентпен кездесуге әлем чемпиондары мен халықаралық гроссмейстерлер – Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нақбаева, халықаралық шебер Меруерт Камалиденова және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалым Құсайынов пен вице-президент Дәрмен Сәдуақасов шақырылған болатын. Мемлекет басшысы танымал шахматшы қыздарға ілтипат білдіре отырып, бұл ойынға ерекше мән беретінін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанның әйелдер құрамасы алдағы уақытта Үндістанда өтетін Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында табысты өнер көрсететініне сенім білдіріп, сәттілік тіледі.