Кітап оқып, қозы ал: ордабасылықтар балаларды кітапқа тартудың ерекше тәсілін ойлап тапты
Олар ең көп көркем шығарма оқып, мазмұнын айтып берген балаға бір-бір қозыдан беріп жатыр.
Бұл – Әлиханның кітап оқып, тапқан алғашқы малы. Қолы қалт етсе болды қозысына жем-суын беріп, жағдайын жасайды. Өз еңбегімен тапқандықтан болса керек, қоңыр қозысына деген махаббаты да ерекше.
Әлихан Шілтербек, 6-сынып оқушысы:
- Мені кітапханашы апай шақырып: «Кітап оқысаң, сыйлыққа қозы беремін», - деді. Басында сенген жоқпын. Кітап оқыған соң берді.
Осы байқаудан кейін 6-сыныпта оқитын бүлдіршін кітаптан бас алмайтын болды. Кітап оқыған адамның ой-өрісі өсіп, тіл байлығы артатынын жақсы түсінген Әлихан қазір қазақ ертегілері жинағын, «Алтын сандық» кітабын тауысқан. Мектеп кітапханасына барып, жаңа кітап жаздыртып алды. Байқауға ауылдағы ел ағалары бастамашы болған. «Бұл жерде мақсатымыз сыйлық емес, баланың назарын кітапқа аударту болды», - дейді.
Серғали Құрымбеков, Бөржар ауылының әкімі:
- Кітапханаға ең көп келетін үш оқушыны алып, олар кітаптан түсінгендерін айтып берді. Сыйлық ретінде қозы бердік. Олардың ата-аналары алғашында түсінбей, хабарласып жатқандары да болды. «Балам үйге қозы жетектеп келді. Оны сіз берді деп айтып жатыр. Не үшін берілді?», - деп сұрағандары да болды.
Ал бұған дейін бір-бір телефонды қолына алып, күні бойы шұқшиып отыратын ауыл балаларының дені қазір ауыл кітапханасын жағалайтын болған. Уақыт тапқаны осында отырып оқиды, болмаса үйге алып кетеді. Аядай кітапханада 9 мыңға тарта кітап қоры бар.
Әлия Қойлыбекова, кітапханашы:
- Осы шара басталғалы оқырмандар саны күрт арта бастады. 500 оқырман болса, соның 300-і – балалар. Биыл оларға бір жарым мың кітап тараттық.
Осы айда жүлде қоры одан да қомақты болмақ. Демеушілер қозының санын арттырып отыр. Одан бөлек кітап құмар балаларға сыйлық ретінде ұялы телефон беруді де жоспарлап отырғандарын айтады. Балалардың оқыған кітабын зердеге қалай тоқығанын анықтау мақсатында арнайы топ құрылған. Оның ішінде ауыл адамдары мен кітапханашы бар. Қазылардың құрамы енді аудандағы кітапхана қызметкерлерімен толықпақ. Байқау жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов