Қарағанды облысының дарынды оқушылары марапатталды
Білімді жас - ел болашағы. Кенді өңірдің командасы биыл жаратылыстану-математика бағыты бойынша өткен республикалық мектепаралық олимпиадалар нәтижесі бойынша жүлделі 3-орын алған. Жалпы жастарды қандай сұрақтар мазалайды?
17 жастағы Рамазан Пердебай халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Республикалық жарыстарда да талай мәрте топ жарған. Озат оқушының еңбегі ақталды. Бірнеше университеттен шақырту алыпты.
Рамазан Пердебай, Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың түлегі:
- 5 жыл дайындалдым. Олимпиадалардан орын алдым. Соңында сол маған жемісін берді. 6 Қазақстанның үздік университетіне грант иегері атандым. Соның ішінде Назарбаев университетін таңдайын деп отырмын. Мамандықты келесі жылы таңдаймын. Ол компьютерлік ғылым. Яғни програмный обеспечениелерді жасайтын маман болып шығамын.
Рамазан секілді 50-ге жуық дарынды бала бұл күні облыс әкімімен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Жастарды түрлі мәселелер қызықтырады. Сауалдары да сан алуан. Жетістікке жетудің кілті неде, әкім қандай кітап оқиды, алғашқы мұғалімі есінде ме, отбасылық жағдайы, бос уақытын қалай өткізеді деген көптеген сұрақтарына шынайы жауап алды. Аймақ басшысы өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, кеңес берді.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Қай салада істесеңдер де жауапкершілік, адамгершілік, содан кейін өмірде жаңалықтарға тез бейміделу керек. Қазір енді дамып жатыр ғой, былай, ертең былай, сондықтан осы жаңалықтарға сай болу керек. Оған сай болу үшін білім керек. Мектепте беріп жатқан білімді толығымен алып алу керек. Кейін уақыт жетпейді. Студент боласыңдар, өмір басқаша болады. Жан-жаққа барасыңдар, шетелге шығасыңдар. Ол кезде басқаша сұрақтар туады.
Жыл бойы жаратылыстану-математика бағытында өткен республикалық олимпиадалардың нәтижесі бойынша қарағандылық команда жүлделі 3-орын алған. Кездесу соңында жеңімпаздарға облыс әкімі ақшалай сертификат пен диплом табыс етті.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар