Жалғыз мектептің жанайқайы. Былтыр 7-ақ бала мектеп бітірді
Батыс Қазақстан облысында Жетікөл ауылының бастауыш мектебі жабылудың алдында тұр. Мұнда төрт-ақ бала қалған екен. Ал 1-сыныпқа әлі ешкім құжат тапсырмаған.
Соңғы жылдары ауылдан тұрғындар үдере көше бастапты. Оған инфрақұрылымның нашарлығы мен жұмыссыздық себеп болып отыр. Енді мектеп жабылып қалса, елді мекеннің біржола тоз-тозы шыға ма деп алаңдайды жұрт.
Жетікөл ауылында білім беру нысаны 1965 жылы салынған. Бір кездері мектеп тоғызжылдық болған екен. Дегенмен кейінгі жылдары бала саны күрт азайып, «бастауыш мектеп» мәртебесі ғана қалған. Өткен оқу жылында мұнда 7 жеткіншек білім алыпты. Ал жаңа маусымда оқушы жетпей жатыр.
Дәрия Панағожина, Жетікөл бастауыш мектебінің мұғалімі:
- 4-сынып бітірген 2 оқушымыз кетіп отыр. Сосын ата-ана бір баланы қалаға қарай ата-әжесіне алып кетті. Бізде тек информатика маманын сұрағанбыз, бірақ 1 сағатқа ешкім келмегесін оны осының ішіндегі мұғалімдерге жүктемемен істеп отырмыз. Ағылшын тілі маманына орыс тілін жүктеп берді. Бір бала келетін болар деген ойдамыз.
Ауыл іргесіндегі шаруа қожалықтарында тағы 3 бала бар екен. Әйткенмен ата-аналары күнделікті қатынау қиын екенін айтып, оларды округ орталығындағы интернатқа берген. Енді бастауыш мектептің одан әрі жұмысын жалғастыруы екіталай.
Диас Орақ, мектеп оқушысы:
- Мына мектеп маған өте қатты ұнайды. 3-сыныпты бітіріп, енді 4-сыныпқа барамын. Қазір бала аз. Сосын ішім пысып кетті былай.
Ауылдың көнекөздері бұрын елді мекеннің қызу еңбек ордасы болғанын айтады. Тек тоқсаныншы жылдардан бастап жұмыссыздық жайлапты. Тұрғындар жан-жаққа үдере көшкен. Оның үстіне инфрақұрылымның нашарлығы тұрмыс сапасына кері әсер еткен.
Киікбай Қайырғожин, Жетікөл ауылының тұрғыны:
- Свет мәселесі қиындау болып тұр. Кілең жүйе ескіргеніне байланысты деп жатыр ғой енді. Жиі сөнеді свет. Су мәселесі де қиындау. Бір де жүреді, бір де жүрмейді деген сияқты.
Ауылда қазір 28 шаңырақ бар. Әкімдік өкілдері енді елді мекенге көшіп келген отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді.
Айболат Нұрмұханов, Жетікөл ауылдық округінің әкімі:
- Бос үйлердің иесімен сөйлесіп, үйге тұру мәселесі бойынша. Одан бөлек шаруа қожалықтарымен сөйлестім осындағы. Ұсақ малмен көмектеседі әрқайсысы. Мысалы, мында 14 қожалық болса, 10 қоймен көмектеседі. Жұмыспен қамту, қожалыққа жұмысқа кіргізуге болады.
Норматив бойынша егер бастауыш мектепте оқушы саны бесеуден аз болса, мекеме жабылады. Десе де облыстық білім басқармасының маманы Жетікөл мектебін жабуға қатысты ешқандай ұсыныс қаралып жатпағанын айтты. Бірақ бұдан өзге екі мектептің жұмысын тоқтату жайы талқыланып жатыр.
Жадыра Бекжанова, облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Облыс әкімдігінің қаулысы дайындалып жатыр. Ақжайық ауданы, Есім бастауыш мектебі және бір негізгі орта мектепті бастауыш мектепке айналдыру бойынша ұсыныс түсті. Ол – Ақжайық ауданы, Еңбекші негізгі орта мектебі.
Өңірде дәл қазір 68 негізгі және 60 бастауыш мектеп бар. Жаңа оқу жылында жабылатын білім мекемелеріндегі балалар көрші ауылдардың интернатына орналастырылмақ. Ал Жетікөл тұрғындары өз ауылындағы бастауыш мектептің жұмысы одан әрі жалғасады деген үмітте. Өйткені балабақшада қазірдің өзінде 7 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов