Білім күні елімізде 39 жаңа мектеп ашылды
Ел мектептерінде алғашқы қоңырау соғылды. 382 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Сондай-ақ 130 мыңнан астам оқушы жаңа мектепке барды. Сондай білім ошағының бірі – Ақмола облысы, Қосшы қаласында ашылды.
Білім күні қарсаңында Қосшы қаласында жаңа мектеп ашылды. Нысанның жай-күйімен танысуға Оқу-ағарту министрі келді. Мерекемен құттықтап, өңірлерде жаңа мектептердің саны артатынын айтты.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Биылдың өзінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 200 астам мектептің құрылысы басталып жатыр. Келесі жылы қалған апатты мектептер мен 3 аусымды мектептердің мәселесін шешуге бағытталады. Барлық мектептерді де жайлы мектеп деңгейіне көтеру бағытында модернизациялауды қолға алып жатырмыз.
Диана Қадыр, тілші:
- Үшқабатты білім ордасының аумағы 17 мың 500 шаршы метр. Мектепте 2 спорт зал, кітапхана, қыш шеберханасы, робототехникалық кабинеттер бар. Жауаптылардың айтуынша, мектеп 3 мың балаға арналған.
Дидар Асқарова, Қосшы қаласының мектеп-гимназия директоры:
- Қазіргі таңда 2650 оқушы қабылданды. Соның ішінде біз бірінші сыныпқа 300 оқушы қабылдадық. 8 сынып қазақ тілінде, 4 орыс тілінде оқытылатын болады.
Жетісу облысының Көксу ауданында екі жаңа мектеп ашылды. Бірі – Бесқайнар ауылында, ал екіншісі – Қазақстанның 10 жылдығы ауылында пайдалануға берілді. Бұрынғы тозығы жеткен мектепте 7-ақ оқу кабинеті болған. Енді ауыл балалары кең сарайдай жаңа ғимаратта білім алады.
Бағжан Бейсенбай, оқушы:
- Ескі мектептен жаңа мектепке көшіп, білім бастағанымызға өте қуаныштымын. Ішінде көп заттар бар, стадион дегендей. Әр сабақтың өз кабинеті бар. Жақсы өте.
Мерекеге орай Түркістан облысында 20 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, 21 күрделі жөндеуден өткен. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 5 млрд 900 млн теңге қаржы бөлінген.
Асылай Ілияс, оқушы:
- Алақандай ғана ауылымызда ашылған заманауи оқу ғимараты. Біз бұл мектепте оқуды көптен бері армандадық. Осындай мектеп салып берген ағаларымызға мың алғыс айтамын.
Көкшетаудағы «Құлагер» шағын ауданының тұрғындары жаңа оқу жылында жаңа мектепті асыға күтті. Оқушылар мен тұрғындардың қуаныштары еселеніп жатыр. Себебі 5 мектеп ашылып, жыл соңына дейін 6 білім ордасымен толықпақ.
Валерий Гамазов, Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Ақмола облысындағы оқушылардың орын тапшылығы мәселесі көбінесе облыс орталығы мен елорда іргесіндегі ауылдарда тіркелген. 4 мың орынға арналған мектептер жүктеме мен үш ауысым мәселесін толығымен шешіп отыр.
Елімізде барлығы 7 мың 700 білім ошағы бар. Жыл соңына дейін 154 жаңа мектепті іске қосу жоспарлануда.
Авторлары: Диана Қадыр, Ардақ Айбарұлы, Жандос Жұмабек, Абзал Балтабев, Аян Сарсенбаев