Қазақстан – Оңтүстік Корея IT саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның IT саладағы ынтымақтастықты жетілдіруге жақсы мүмкіндік бар. Хангук университеті ғылыми зерттеу институтының сарапшылары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан кейін осындай ой түйген. Айтуларынша, Қазақстан IT саласында аймақта көш басында. Демек екі елдің бірлескен жоба дайындауда әлеуеті зор.
Шет тілдер университетінің ғылыми орталығы Орталық Азиядағы саяси-экономикалық процестерді зерттейді. Президент Жолдауын талқылаған сарапшылар реформаларға ерекше көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елдегі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынғанын айтты.
Ким Дже Мин, Хангук университеті Орталық Азияны зерттеу институтының маманы:
- Қазақстанда IT технологиялар мен цифрландыруды одан әрі дамытуға ықпал ете алатын инфрақұрылым бар. Ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, көлік және логистика, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ақылды қалаларды дамыту сияқты көптеген салаларда жаңа технологиялар ендіріліп жатыр. Меніңше IT саласындағы ынтымақтастық екі ел үшін де өте маңызды және бірлескен жобалар жасауға зор мүмкіндік бар.