KAZ Minerals Бозшакөл жастарға жаңа мүмкіндік сыйлап отыр
KAZ Minerals Бозшакөл компаниясындағы «Тағылымдама» бағдарламасының арқасында жоғары оқу орындарының 122 түлегі жалақы төленетін тәжірибеден өтті. Олардың арасындағы 53 жас маман тағылымдамадан кейін тұрақты жұмысқа орналасты. Олар кеніште, фабрикада және әкімшілік кеңседе жұмыс істейді. Тағылымдамадан өтушілер мұқият іріктеледі. Сүрінбей өткендерге тәлімгер де тағайындалады.
Әсет Бостандықов пайдалы қазбаларды байыту магистрі дәрежесін алып, екі ай өткен соң KAZ Minerals Бозшакөлде тағылымдамадан өтушілердің бірі болып қабылданды. Қазір компанияда инженер- технолог болып жұмыс істейді.
Әсет Бостандықов, KAZ Minerals Бозшакөл ЖШС инженер-технологы:
- Басында қорқыныш болды. Алғашқы қадам болғандықтан, тәжірибе болмағандықтан. Тек қана теориялық білім бар. Бұл компания – KAZ Minerals бізге үлкен мүмкіндік берді. Кеңес Одағы кезінде стандарт бойынша сағатына олар 30,40,50,100 тонна өндірсе, бізде сағатына 3600 тонна өндіре алады.
Ал жақында ғана колледжді бітірген Камила Сланова осы кәсіпорынның қызметкері болуға ниетті. Жас маман – «Тағылымдама» бағдарламасымен химиялық талдау бөлімінде лаборант.
Камила Сланова, «KAZ Minerals Бозшакөл» ЖШС химиялық талдау лаборанты:
- Бұл тәжірибесі жоқ жастарға берілген жақсы мүмкіндік. Осында келуді ойлаған сәттен бастап «KAZ Minerals Bozshakol» компания жайында ютубтан көрдім. Маған қатты ұнады.
Иә, тағылымдамадан өткен үміткерлердің кеніш, фабрика, лабораторияға жұмысқа орналасуға мүмкіндігі бар.
Сұңғат Ибраев, «KAZ MINERALS Бозшакөл» ЖШС өндірістік оқыту бойынша нұсқаушысы:
- Бағдарламаға қатысу үшін мамандандырылған орта немесе жоғарғы оқуын бітірген түлектерге мүмкіндік бар. «Тағылымдама» бағдарламасының негізгі географиясы Астана, Алматы, Семей қалалары және Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары болып табылады.
Осы компанияда жұмыс істеуге ниетті жастар KAZ Minerals Бозшакөл сайты арқылы өз түйіндемелерін жібере алады. Тәжірибеден өтуге 1 жыл уақыт беріледі. Жұмысқа қабылданбаса, тағы бір жыл тәжірибеден өтуге мүмкіндігі бар.
Авторлары: Диана Қадыр, Айбын Құсанбеков