Ақтөбеде «Халықтардың Ұлы қоныс аударуы қарсаңындағы далалық тайпалар» атты ғылыми конференция өтті
Ақтөбеде «Халықтардың Ұлы қоныс аударуы қарсаңындағы далалық тайпалар» атты ғылыми конференция өтті. Оған жеті ел ғалымдары қатысып, ғұндардың ұлы көші туралы баяндады. Ұланғайыр атырапты ұлы дүбірге толтырып, көшпелі тайпалар шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке ойысып, көш қондырыпты. Ғалымдардың айтуынша, олар Еуразия кеңістігін шарлап, шығыс Европаға дейін жеткен. Бұған көрмеге қойылған тарихи жәдігерлер дәлел. Конференция барысында, екі кітаптың тұсауы кесіліп, Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының батыс қазақстандық филиалы ашылды.
Мейрам Дүйсенғали, облыстық Тарихи-өлкетану музейінің директоры:
-Біздің заманымыздың 2-4 ғасыр аралығы Моңғолия, солтүстік Қытай өңірінен қоныс аударған ғұн тайпаларының 2,5 ғасырдай уақыт бойғы негізгі тұрағы осы Қазақстан территориясы, соның ішінде Батыс Қазақстан өңірі деп қазір нақты айта аламыз. Себеп осы соңғы жылдардағы 2-3 жылдық зерттеулердің нәтижесінде біз мыңға тарта ғұн дәуірінің ескерткіштерін анықтап отырмыз.