«Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Айқап» журналы енді оқырманға қолжетімді
Кәсіби қазақ баспасөзінің бастауында тұрған «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері мен «Айқап» журналы енді оқырманға қолжетімді. Ғалымдарымыз көне басылымдарды томдарға тоғыстырып, төте жазудағы нұсқаларын кирилл қарпіне тәржімалады. Себебі араб қарпі жас ғалымдар мен оқырманға түсініксіз. Оған қоса ақтаңдақ жылдары жарық көрген газет-журналдардың көптеген саны сақталмаған. Зерттеушілер іргелі еңбегін ұсынып отыр. 1913-1918 жылдары жарық көрген «Қазақ» газеті 7 том, «Айқап» журналының 88 саны 2 том болып басылған. Ал 1917-1919 жылдары шығып тұрған «Сарыарқа» газетінің кейбір санын еңбек авторлары шетелдің мұрағатынан тауыпты. «Шерлі шежіре» бағдарламасы аясында 30 том дайындалған. Олар үш жыл ішінде толықтырылып, оқырманға ұсынылады.
Ғарифолла Әнес, филология ғылымдарының докторы:
-Мұраны тапқаннан кейін оны халыққа жеткізу бар. Оны мамандарға жеткізу бар, халыққа жеткізу бар. Оны жаңағы транскрипция дейді, транслитерация дейді. Енді жан-жағы ғылым ретінде қарауға болады. Біз сол екеуінің ортасын ұстауға тырыстық. Оны енді әріп-әріп күйінде сөзді өзгертпей қолданып, жаңағыдай жеткізу бар да. Енді ол ғылым үшін пайдалы. Сол кезде бір сөз қалай айтылды, қалай қолданылды деген сияқты оның формасын сақтау, айтылуын сақтау, жазылуын сақтап жеткізу бар.