Биыл білім саласында қандай маңызды шаралар атқарылды?
Алдағы екі жылда 369 жайлы мектеп салу көзделіп отыр. Ал 200 астам оқу ордасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Қазір қанша мектеп 3 ауысым бойынша білім алуда?
Биыл білім саласында атқарылған шаруа орасан. Еліміз бойынша 132 мың оқушыға арналған 150 аса жаңа мектеп пайдалануға берілді. Үш ауысымда оқытатын 29 мектептің мәселесі шешіліп, кейбір өңірлердегі оқу ордалары күрделі жөндеу жұмыстарынан өткен. Мәселен, елордалық мұғалім бұл өзгерістердің балаларға да, ұстаздарға да оң әсер етіп жатқанын айтады.
Ақжанай Қалиева, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Биыл біздің мектебіміз күрделі жөндеуден өтті. Біздің мектепте бастауыш сыныпқа басқа 4 қабатты мектеп салынды да, орта буын мен жоғарғы оқушыларға басқа мектеп. Тіпті терезелерді күрделі жөндеуден өткізді. Жел соға ма, жел соқпайды ма? Оқушылардың демалатын бөлмелері бар. Жаңаша бағытта, керемет жабдықталған. Бос уақытта балаларды сол кабинетке апарып дайындайсың.
Одан бөлек 12 апатты жағдайдағы мектептің мәселесі жолға қойылып, ұлттық жоба аясында 217 мектептің құрылысы басталды. Демек 461 мың оқушыға кең, әрі замануи мектеп бұйырады.
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
- Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы білім саласындағы алшақтықты азайту мақсатында 1000 ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні білім беру мекемелері техникалық жарақтандыруға толықтай қол жеткізді. Бұл бейнебақылау камералары, дабыл қондырғылары, турникеттер мен арнайы күзет қызметкерлері. Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтың алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында кешенді жоспар қабылданды.
Елімізде 11 мың балабақша, 8 мың мектеп, 800 колледж бар. Ал білім алушылардың саны 7 млн жетті. Педагог саны – 500 мың.
Жоғарғы оқу орындарына ойыссақ. Биыл студенттердің саны да, шәкірақысы да өсті. Мәселен, қыркүйектен бастап жоғарғы оқу орнында білім алушылар үшін степендия 20% көбейді. Ал магистранттар мен докторанттардың шәкірақысы 15% өсті.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Екінші үлкен бағыт – инфрақұрылым. 43 жатақхана іске қосылды. Бір жылдың ішінде қажеттілікті 80 мыңнан 17 мыңға түсірдік. 15 өңірімізде толыққанды жатақхана мәселесі шешілді. Елімізде ғылымды қаржыландыру 3,5 есе ұлғайтылды. Келесі 3 жылда 643 млрд теңге бөлінді. Желтоқсаннан бастап 1000 жуық жас ғалымдарымызға арнайы жеңілдетілген баспана механизмі де басталып кетті.
Жас ғалымдарды қолдаудан бөлек елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу ісі қарқынды. Екі жыл ішінде Германия, Шотландия, Корея, Қытайлық оқу ордаларының 8 филиалы ашылды. Енді қазақстандық студенттер елімізде техника, жасанды интелект, тіпті электромобильдерді жасақтайтын инженерлік бағыт бойынша білім ала алады.
Диана Қадыр, Айдос Малгелдинов